Жолдасов Сәбит

Жолдасов Сәбит

Тарих ғылымдарының докторы, профессор

             Жолдасов Сәбит 1940 жылдың 4 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, бүгінгі Бәйдібек ауданында дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітірген соң колхозда көмекші шопан, астық дайындау мекемесінде жүк тасушы, Шаян аудандық «Социалистік колхоз» газетінің қызметкері, пионерлер үйінің директоры болып еңбек еткен.

            1966 жылы Шымкент  педагогикалық  институтының  тарих факультетін үздік дипломмен бітіріп, Шаян ауданындағы Борлысай орта мектебінде және Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 орта  мектепте мұғалім болған.

1975-1988 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетінің үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы, лектор, лекторлар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

1986 жылы «Қазақстанның техникалық дақылдармен айналысатын аудандарындағы ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуындағы Коммунистік партияның ролі (1921-1929 жылдар)» тақырыбында кандидаттық, 1993 жылы «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясының қарапайым түрлерінің пайда болу және даму тарихы (ХХ ғасырдың 20-30 жылдары)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған.

1988 жылдан Шымкент педагогикалық институтында доцент, жалпы тарих және Қазақстан тарихы кафедраларында меңгеруші, тарих факультетінің деканы болып қызмет атқарды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ профессоры қызметін атқара жүріп,  Оңтүстік Қазақстан араб тілі институтының ректоры, Алматы шет тілдер және іскерлік карьера университетінің проректоры, кейінгі жылдары Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры қызметтерін атқарды.

«Деятельность сельскохозяйственной кооперации в Казахстане» монографиясы (1991ж.), «Иелі жер киелі.Құт қойнауы.» очеркі (1991ж), «Тағдыр» әңгімелер жинағы (1992ж.), «Шаян – шежірелі өңір» (1993 ж.), «Бірліктің басы болған Ордабасы» (1993 ж.) кітаптары, «Ислам тарихы» оқулығы (1998 ж.), «Бұ пәни мен о бақи хикаялары» әңгімелер жинағы (1998ж,), «Шежірелі Оңтүстік»  монографиясы (2002 ж.), «Шілдедегі шайқас» тарихи романы, «Қазақстанның Оңтүстік өңірінің тарихы» монографиясы, «Оңтүстіктегі жоғары оқу орнының қарашаңырағы» еңбегі (2007 ж.), Шаян – шежірелі өңір (2008 ж.), Тарихы толғам Борлысай (2011 ж.) атты монографиялары мен көптеген оқу құралдары, көмекші оқу құралдары жарық көрген.

2010 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік ғалымы» номинациясына, 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантына ие болды.