ИСАБЕК БАРШАГҮЛ

ИСАБЕК БАРШАГҮЛ

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Исабек Баршагүл Қашқынқызы 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспан кеңшары, Мақташы ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Мақташы мектебіне барып, 1990 жылы Жамбыл орта мектебін  алтын медальмен бітірген.

1990 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтына түсіп, 1995 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институты тарих мамандығы бойынша  үздік бітірді.

Еңбек жолын 1995 жылы Қ.А.Ясауи атындағы  ХҚТУ ШБ-нің «Қазақстан тарихы» кафедрасында  машықтанушы-ізденуші болып бастады.  1998-2002 жылдары «Бүкіл әлем» тарихы кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, 2000-2002 жылдары тарих факультеті деканының орынбасары, 2002-2003 оқу жылында Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, 2003-2004 оқу жылында сырттай оқу факультеті  деканының орынбасары қызметтерін атқарды.         2004-2008 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институты тарих факультетінің, 2008-2011 жылдары тарих және заң факультетінің деканы қызметін атқарды.

1999 жылы Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов  атындағы Тарих және этнология институтында «Академик Р.Б.Сүлейменов: Қазақстан тарихын  зерттеудегі үлесі және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап шықты.

  Б.Қ. Исабек «Академик Рамазан Сүлейменов» атты зерттеу монографиясының, 7 оқу құралының 10-нан астам оқу-әдістемелік құралдардың және 60-тан астам ғылыми мақалалардың авторы.

Б.Қ.Исабек ҚР Білім және ғылым министрлігінің  2006-2008 жылдардағы  дарынды жас ғалымдарға арналған стипендиясының иегері болды. 2008 жылы ҚР БжҒМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды.

 Дайындаған студенттері екі рет «Қазақстан тарихы» пәнінен өткен республикалық Олимпиада жүлдегері, бірнеше рет республикалық студенттік ғылыми конкурстардың жүлдегері және «Болашақ» бағдарламасының  иегері болды. Қоғамдық және шығармашылық еңбектері бағаланып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.

2011-2012 оқу жылында Исабек Баршагүл Қашқынқызы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және педагогика факультетінің деканы қызметін атқарып, 2012 жылдың тамыз айынан тәрбие ісі жөніндегі проректор қызметіне тағайындалды.