Жүсіпова Гүлмира Тұрдықызы

Жүсіпова Гүлмира Тұрдықызы,

биология ғылымдарының кандидаты

Жүсіпова Гүлмира Тұрдыевна 1970 жылы Ордабасы ауданы Қараспан совхозына қарасты Семхоз селосында дүниеге келген.

1986 жылы Қарағанды қаласындағы № 2 Н.Нұрмақов атындағы орта мектепті бітірген. 1986-1991 жылдары Шымкент педагогикалық институтының күндізгі бөлімінде оқып, 1991 жылы химик-биолог мамандығы біліктілігін алған. Еңбек жолын, ұстаздық қызметін ОҚО Ленгір ауданындағы Блинково орта мектебінде химия, биология пәндерінің мұғалімі болып бастаған. 1991-1992 жылдары жолдамамен Қарағанды облысы Осакаровка аудан орталығындағы орта мектепке барып, орыс мектептерінде мамандық пәндерімен қоса қазақ тілі пәнінен сабақ берді. 1993-1994 жылдары жұбайының қызмет бабына байланысты ОҚО Сайрам ауданының С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде химия, биология пәндерінің мұғалімі болып ұстаздық қызмет атқарды.

 1994-2008 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында «Жалпы биология» кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарды. 1998-2000 жылдары Қарағанды экономикалық университетінің заңгер мамандығы бөлімінде оқып, экономика саласын құқықтық реттеу біліктілігін меңгерген. 

 2008 жылдан бастап, Халықаралық гуманитарлық-техникалық  университетінің «Химия, биология және экология» кафедрасының меңгерушісі, 2009 жылы экономика және құқық сырттай оқыту факультетінің деканы қызметтерін атқарған.

2009 жылы Алматы қаласында Қазақ тағамтану академиясы жанындағы Біріккен Диссертациялық Кеңесте «Лактопероксидаза жүйесін белсендіру арқылы сүттің бактерицидтік фазасын ұзарту» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 14.00.07-гигиена мамандығы бойынша биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған.          2010 жылдан бері Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің жаратылыстану-техникалық факультетінің деканы қызметін атқаруда.

Г.Жүсіпованың 20-дан астам ғылыми мақаласы ғылыми журналдарда жарияланды. 12 оқу-әдістемелік нұсқауы, 4 оқу құралы баспадан шыққан. Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде қызмет атқару барысында химия, биология мамандықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуда аянбай еңбек етті. 152-ден астам әдістемелік көрнекіліктер дайындатып, университет ішінде мамандыққа қажетті 300 өсімдік қамтылған оранжерея ашты. Химиядан мамандандырылған мектеп зертханасын ұйымдастырып ашуға белсене қатысты. Өсімдіктер систематикасы пәні бойынша ОҚО өсімдіктерінің гербарий қорын дайындатып, арнайы оқу кабинетін ашты. Химия, биология мамандықтары бойынша талапқа сай 70-ке жуық пәндердің оқу-әдістемелік кешендерін дайындатты.