Әбілда Аймақ

Әбілда Аймақ

 Әбілда Аймақ 1954 жылы 13 сәуірде Ордабасы ауданы,Қажымұқан Атындағы кеңшардың Коммунизм бөлімшесінде туылған. « Коммунизм» Сегізжылдық мектебін бітіріп,орта мектепті сырттай оқып аяқтады. Еңбекке 16 жасынан араласқан ол 1969 жылдан 1981 жылға дейін Ұжымшарда сушы,тракторшы,шопан кейін аудандық мәдениет бөлімінде Автоклуб меңгерушісі болды.1981 жылдан 1990 жылға дейін Шымкенттегі «Шымкентқұрылыс» тресіне қарасты мекемелерде тас қалаушы болып істеді.
1990 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының облысаралық бөлімшесіне қызметке келді.1993 жылдан бастап осы бөлімшенің төрағасы.2001 жылдан бері Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры. Ол қазіргі ХҚТУ Шымкент бөлімінің филология факультетін 1990 жылы тәмәмдаған. 1989-1992 жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға араласты.
Шығармашылық қызметі 1972 жылдан басталатын Ә.Аймақ 1983 жылы Республика Жас жазушыларынын кеңесіне қатысты. 1984 жылы жас ақындардың дәстүрлі жыр жинағы «Қарлығашқа»бір топ өлеңдері енді.Оның шығармалары «Мерейлі мекен», «Мүшайра-92» жыр жинақ- тары арқылы оқырмандарға таныла бастады.Ақынның «Ләйла», «Домалақ ана» кесенесі, «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік», «Түркістан», «Талбесік» атты кітаптары бар.Көптеген әндердің сөзін жазды.Ақын 1992 жылғы облыстық «Мүшайраның» жеңімпазы,1993 жылғы Алматыда өткен Республикалық жабық жыр конкурсының бас жүлдегері. Оңтүстік Қазақстан облысының Грамотасымен марапатталған.Соңғы жылдары Әбілда Аймақтың екі томдық шығармалары жарық көрді.
2004 жылы Түркия Республикасы мәдениет жэне туризм Министрлігінің ұйымдас- тырумен «Түрік әлемінің жаңғырығы» атты Халықаралық ақындар жарысында 84 шығарманың ішінде 1 орын алып, Халықаралық Физули атындағы сыйлықты алды.

Әбілда Аймақ - туғаннан ақындық сүйегіне біткен Оңтүстіктен шыққан арқалы шайыр.Қаламын өлеңінің отына малып,көңілі айға ұмтылған балаң ақын сақа ақынға айналған тұсында «Қаңғыбас» деп аталатын циклын,оның ішінде «Жеті теңге-жеті жыр», «Тоғыз жұлдыз-толғыз сөз» топтамаларын қалың оқырман қауымға ұсынды. Ал «Алтын бесік»кітабында: Қап-қара бұлт құшақтап көтеріп кетіп, Қанатын жайып қоныпты

жасынға өлеңім,-деп өзінің айқайға арқасы қозатын қас жүйріктей өлең өнері додасындағы ортасын меңзейді. Нағыз ақынға тән бейнелей сөйлеу ақын кітаптарының өн бойына қан беріп тұрады. Әбілданын Йасауи жырларымен жүрек тамыры бүлкілдеген пәлсафаға толы,қуаты күшті,отты жырларын оқығанда қазіргі Еуропалық жарқылдақ даңғаза өнерсымақпен сусындаған маргиналды санадағы қазақ жастарынын кез келгені ұғынып,тұшына бермейді.Ұлттық сана болмысына сай өзіндік ерекшелігі бар саңлақ ақынды кез келгеннің ұғына қоюыда оңай емес.Бұл іспеттес ерекшелік ақын жырларындағы нәзік те аса күрделі жыр жолдарында жатыр.Ол образдық ой-танымдардың қабаттасып,қатпарланып жататын мәселелерді мол қамтуында жатыр.
Әбілда Аймақ поэзиясы- бейнелеп,тұспалдап сөйлеу деңгейіне көтерілген сындарлы поэзия.Осы себепті, қалың оқырман қауым мен ақын арасындағы бірін бірі ұғынып,тұшынуы немесе бірін бірі ұға алмай,қаншалықты тер төксе де,жырдағы тылсымнын кілтін таба алмай кейбіреулер пендешілік жасауы да мүмкін. Мұны ақын өз өлеңдерінде айтқан да.Өйткені ,Әбілда өлеңдері өзге тілдерге аударыла қалса,ақын поэзиясының өзіндік ерекшелігі мол қайталанбас болмысын аудармашылар жеткізе алмауы кәдік.Ұлттық ойлау табиғатынан туындаған Әбілда Аймақтың өлең жолдарындағы ұлттық-көркемдік айшықтар өрнегі ақ айғақтап тұр.