БАЙДЫБЕКОВА ЕРКЕ

Кафедра меңгерушісі

БАЙДЫБЕКОВА ЕРКЕ

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор

Байдыбекова Ерке Ізбасарқызы 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. 1964 жылы Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 қазақ орта мектебін алтын медальмен үздік бітірді. 1964-1968 жылдары М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқыды. Оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да үлкен белсенділік танытып, Лениндік стипендиат атанды. Ол жоғарғы оқу орнын 1968 жылы үздік бітіріп шықты.

Еңбек жолын 1968 жылы өзі оқыған М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында комсомол комитетінің хатшысы болып бастады. 1968-1975 жылдары М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институты жоғары математика кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы; 1975-1986 жылдары педаго­гика және бастауыш оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы; 1990 жылы педагогика факультетінің деканы; 1991-1996 жылдары жаратылыстану пәндерін бастауыш сынып­тарда оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болды. 1997-2011 жылдары информатика және есептеуіш математика, ақпараттандыру,  ақпараттық жүйелер  кафедрасының доценті қызметін атқарды. 2011 жылдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының информатика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаруда.

Е.І.Байдыбекова 1984 жылы Абай атындағы педагогикалық институтының К.113.03.02. мамандандырылған кеңесінде профессор Х.К.Арғыновтың жетекшілігімен “Оқушылардың танымдық қызметін оқуға дайындау арқылы белсендіру” тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Оған 1988 жылы педагогика және жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесінің доценті атағы берілді. 2008 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры академиялық атағы берілді.

Ол – 129 ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектің, электрондық оқулықтың, 19 оқулық пен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның еңбектері Венгрия, Болгария, Ресейде де жарияланған. 2010 жылы ҚР Әділет министрлігі Е.Байдыбекованың «Информатика. Зертханалық жұмыстар» атты электрондық оқулығына зияткерлік меншік объектісін тіркеді. Бұл электрондық оқулық жоғары оқу орындарының  оқу процесіне енгізілген.

Ұзақ жылдар бойғы ғылыми-педагогикалық еңбектері бағаланып, 1965 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Грамотасымен, 1987 жылы Қазақ ССР ағарту және жоғары білім беру министрлігінің Құрмет Грамотасымен, 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының Грамотасымен, 1980 жылы “Материнство” медалімен және 2011 жылы “Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл” мерекелік медалімен марапатталды. Оның өнегелі өмірі мен еңбек жолы 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан әкімдігі шығарған «Аяулы, ардақты аналар» жинағына енген.

 Байдыбекова Ерке Ізбасарқызы шәкірттерін білім мен ғылымының тереңінен сусындатумен қатар, оларға  халқымыздың озық  дәстүрлері негізінде тәлім-тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаз, ардақты ана. Ол сонысымен де әріптестерінің, шәкірттерінің  құрметіне бөленіп жүрген мерейлі жан, Шымкент педагогикалық институтының мақтан тұтар түлегі.