БАЙҒҰТОВА ДИНАРА

БАЙҒҰТОВА ДИНАРА

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Байғұтова Динара Нышанқызы 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Азаттық ауылында дүниеге келді. 1983-1994 жылдары Әлішер Науаи атындағы орта мектепте оқып, үздік бітіріп шықты.

1994-1998 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент бөлімі филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бөлімінде оқып, оны қызыл дипломмен аяқтады. Еңбек жолын 2001 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтының түркітаным кафедрасында оқытушы болып бастады.

2004-2005 оқу жылында филология факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды. 2005-2011 оқу жылдары түркітаным, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, 2011-2012 оқу жылынан Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік педагогикалық институты қазақ тілі  және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда. Осы жылдары республикалық, халықаралық деңгейде өткізілген бірнеше ғылыми іс-тәжірибелік конференцияларды жоғары деңгейде ұйымдастырды (Атап айтқанда, Әділ Ермековтің, А.Байтанаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған және т.б. конференциялар).

2003 жылы көрнекті ғалым, ф.ғ.д., профессор Т.Сайрамбаевтың жетекшілігімен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институты жанындағы Диссертациялық Кеңесте «Қазіргі қазақ тіліндегі меңгеру байланысу формасы, аясының кеңеюі мен тарылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігі жоғары аттестаттау комиссиясының шешімімен доцент ғылыми атағы берілді.

Д.Н.Байғұтова «Қазіргі қазақ тілі синтаксисі», «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау», «Қазақ тілінің стилистикасы» пәндерінен дәріс береді. 40-қа жуық мақалалары мен «Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері» (2004), «Қазақ тілінен тест тапсырмалары», 5-сынып (2003), «Қазіргі қазақ тіліндегі меңгеріле байланысқан сөз тіркестері» монография (2006) деген еңбектері бар.