ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ ХАНБИБІ

ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ ХАНБИБІ

 Халықаралық «Алаш»  сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын

Ханбибі Есенқарақызы 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Еңкес ауылында дүниеге келді.

1966 жылы  Сарыағаш қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірді. 1967 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1972 жылы сырттай оқып бітірді. Институтта оқып жүріп, Макаренко атындағы орта мектепте мұғалім, 1968-1972 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, 1973-1980 жылдар аралығында облыстық  халық шығармашылығы орталығында бас маман болып қызмет атқарып, 1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын» басқаруға сайланады.

1989 жылы Ханбибі Есенқарақызы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Бұл салада ол мемлекеттік тілдің кең ауқымда өмірге енуіне атсалысып, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысады. 1992 жылы Облыстық мәдениет басқармасын басқарады. Ханбибі Есенқарақызы қай жерде де өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарай отырып, халыққа қызмет ететін мәдениет ошақтарын сақтап қалу үшін күресті. 1994 жылы Облыстық филармонияны басқару кезеңінде, «жекешелендірудің» тырнағына ілінген өнер ордасын сот арқылы алып қалуға, 1996 жылы Ш.Қалдаяқов атын беруге ықпал етсе, 1998 жылы филармонияда күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, филармония алдына  Ш.Қалдаяқовтың ескерткіш-мүсінін орнатуға мұрындық болды.

Х.Есенқарақызы 1986 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының  мүшесі, басқарма мүшесі,  14 көркем әдеби  кітаптың авторы. Өлеңдері орыс, украин, қырғыз, өзбек, якут тілдеріне аударылған. «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңіл-гүл», «Махаббат-өмірлері» деген өлеңдеріне ән жазылып, халық арасына кеңінен таралды. Х.Есенқарақызының 1998 жылы отан алдындағы еткен еңбектері үкімет тарапынан ескеріліп, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды.

Х.Есенқарақызы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың, Ақмола облысы, Астана қаласы, Шымкент қалалық әкімдігінің алғыс хаттарымен, М.Әуезов бейнесі бар ЮНЕСКО, «Астана қаласына - 10 жыл», Түркістанның 1500 жылдығына орай, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған және Астанадағы  Гумилев атындағы Еуразия университеті медальдарымен, сондай-ақ Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы атанып, 2008 жылы «Парасат» орденімен, 2010 жылы 14 мамырда «Золотая Есенинская» медалімен, 2011 жылы Қазақстандағы Британ консульствосының сертификатымен марапатталды.

2012 жылы ақпан айында Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты атағы беріліп,  осы жылдары Халықаралық «Үздік адамдар энциклопедиясының Батыры» атты  құрмет белгісі мен дипломының иегері атанды.

Х.Есенқарақызы 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры қызметін атқарып келеді. Бұл мұражай 2010 жылы 30 желтоқсанда облыстық мәдениет және өнер саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін 2010 жылдың «Үздік мәдениет және өнер мекемесі» номинациясының иегері болып танылды.