Асылбеков Малик-хайдар Хантемірұлы

Асылбеков Малик-хайдар  Хантемірұлы

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

                 Асылбеков Малик-хайдар  Хантемірұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген.1948 жылы Шымкент мұғалімдер институтын, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген.

 Еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастайды. Көп кешікпей-ақ оның ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, оған орта мектепке жетекшілік ету сеніп тапсырылады, кейінірек ол Қызыл-Құм аудандық оқу бөлімін басқарады.

1958 жылы А.Н.Нүсіпбеков, Б.С.Сүлейменов, Г.Ф. Дах- шлейгер және т.б. аға буын тарихшы-ұстаздарының шақыруымен Алматыға көшіп келіп, Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер лауазымына жұмысқа тұрады. Осы уақыттан бастап оның өмірі академиялық ғылыммен үздіксіз байланыста келеді.

Жас ғалымның белсенді қызметі көзге түсіп, 1963 жылы ҚазКСР ҒА-ның Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғылыми хатшысы қызметіне шақырылды. Бұл қызметте академиктер: Қаз КСР ҒА вице-президенті С.Б.Бәйішевтің, бөлімнің академик-хатшысы М.С.Сильченконың және оның орынбасары  С.К.Кеңесбаевтың басшылықтарымен жұмыс істеуі оның ғылыми шығармашылық деңгейінің өсуіне зор ықпал етті. Ғалым ҚазКСР ҒА Президиумы аппаратындағы әкімшілік жұмысты ғылыми-зерттеу ісімен табысты ұштастырды.

         1968 жылы М.-А.Х. Асылбеков әкімшілік жұмысты қалдырып, өз қызметін тарих ғылымына толықтай арнайды. Алғашында Ш.Уәлиханов  атындағы тарих, археология және этнография институтында  аға ғылыми қызметкер, ал 1980 жылдан бері бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.

 200-ден астам ғылыми еңбегі, 5 монографиясы жарық көрген. Терең эрудициялы, кең ауқымды тарихтың сан-салалы бағытын қамтыған еңбектерді дүниеге әкелді. «Қазақ ССР тарихы» бес томдық (көне заманнан бүгінге дейін), «Советтік Қазақстан жұмысшы табының тарихы» екі томдық, «Қазақстан тарихы. Очерктер.» қазақ және орыс тілдерінде (1993-1994 жж.), «Қазақстан тарихы» ағылшын тілінде (1998 ж.) сияқты күрделі еңбектердің  авторы. Бұл түйінді, іргелі еңбектерде ғалым Қазақстанның XIX ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. тарихының проблемаларын қарастырған.

  Ғалымның жетекшілігімен 10 тарих ғылымдарының докторы, 45 ғылым кандидаттары диссертацияларын қорғап шыққан.

  Қазақстанның көрнекті ғалымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі.  «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағын иеленді. 2000 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.