БІЗ БҮКІЛ ЕЛМЕН БІРГЕМІЗ!

08.05.20

Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 31.03.2020 күні №121 бұйрығы жарияланды. Онда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі ұйымдарда оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдардың жалпы ережелері, білім беру процесін ұйымдастыру тәртібі, оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың қызметі нақтыланған.

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады, көңілді күндер тусын алдан әлі деген тілекпен мыңдаған ұстаздар өз еңбегін төтенше жағдайға сәйкес жүргізуді бастап кетті. Министр А.Аймағамбетов мырза атап өткендей, карантин кезінде педагогтардың жұмысы бірнеше есе артты.

Ұстаз еңбегі ұшан - теңіз. Ұстаздардың шәкірт санасына білім нәрін сіңіріп, дүниені шынайы танулары үшін оның қыры мен сырын ашу, жақсы мен жаманды ажыратып, болашақ өмірге нық қадам басуға бағыт беру, болашақ мамандыққа баулу, ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар ерекше жандар екеніне әлемді жайлаған пандемия кезеңінде тағыда бір рет көз жеткізіп отырмыз.

Төтенше жағдай Қазақстанның жоғары оқу орындарының да қашықтықтан оқыту түріне көшуіне себеп болды. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасының студенттері, магистранттары және докторанттарының сабақтары қолжетімді интернет - платформаларын қолдану арқылы қашықтықтан оқуды бастады. Қазіргі таңда, «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасының дәріс, тәжірибе сабақтарын youtube - streaming, zoom, Skype, Microsoft team, телеграмм секілді қосымшалар арқылы тікелей бейне конференция арқылы жүргізуде.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасында: «6В01301 Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мұғалімін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша білім бакалавры, «7М01301 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі педагогын даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша білім магистрі, 8D01301 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі педагогін даярлау білім беру бағдарламасы бойынша PhD докторы даярланады.

Профессор - оқытушылар құрамы күн сайын академиялық адалдық қағидаларын сақтап, қолжетімді электрондық ресурстарды пайдаланып жұмыс жасауда. Онлайн оқуда білім алушылар үй тапсырмаларын оқытушыларға жеберсе, ал оқытушылар оларды тексеріп, Univer жүйесі арқылы бағаланып отыр. Сонымен бірге барлық оқу - тәрбие жұмыстары да академиялық кестеге сәйкес жүргізілуде. Университетте онлайн білім беру сапасын қадағалайтын құрылымдық бөлімдерде өз қызметтерін атқаруда.

Карантин кезінде «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасының ұжымы оқу үрдісінен басқа ғылым мен мәдени іс - шараларды да онлайн жүйесінде өз деңгейінде жүргізуде. Атап айтсақ, бітіруші курс студенттерінің педагогикалық іс – тәжірибенің қорытынды конференциясы, Әл - Фарабидің 1150 - жылдық мерейтойына, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай дара, Абай ақын қазақта», «Рухани жаңғыру – табысты ел болуымыздың кепілі!» тақырыптарында тәрбие сағаттары, студенттердің дәстүрлі IX Республикалық конференциясы онлайн форматта өтті.

Енді біздің ұйымымыз үшін карантин жағдайынан шыққанға дейін жаңа пайда болып жатқан технологиялар бойынша көптеген іс шаралар жүргізу де жоспарлануда.

Бұдан басқа Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Бастауышта оқыту әдістемесі» кафедрасының ұжымы ұйымдастыруымен «Біз біргеміз!» акциясымен «Салауатты өмір салты – ғасыр ұраны», «Денсаулығым – бар байлығым», «Біз уйдеміз, біз біргеміз!» тақырыбында бірлескен онлайн іс-шаралар атқарылды.

Студенттердің өздерінің ауыл-аймақтарын көгалдандыру ісі бойынша «Қоршаған ортаны өзгерт: 100 тал ек» ағаш отырғызу жұмыстары 1-сәуірден бастап бейне жазбалар арқылы қашықтық режимде іске асуда. Бұл акция, жастардың өздері туып-өскен ауылдарын түлетуімен бірге патриотиоттық сезім, азаматтық жауапкершілік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Бақыт жайында толғанбаған, ойланбаған, жазбаған ғалымдар мен хакімдер кемде-кем шығар. Өйткені, бақытқа жету - барша адамның арманы. Дәл бүгінгі күні бақыттың бастауы да, өзі де денсаулық екеніне көзіміз жетіп отыр. Денсаулық сақтау қызметкерлеріне басымызды ие отырып, барлық мамандық иелерінің терең тамыры ұстаз еңбегімен байланысып, оның берген білімі мен тәрбиесінен нәр алатынын айтқымыз келеді. Ал дұрыс таңдалған мамандық иесі болу – бақытқа бір қадам жақындау.

Жастарымыз педагог болу – мәртебе деп ұғынса, ол бәсекеге және қоғамның кажеттілігі мен сұранымынан туындайтын проблемаларды шешуге қабілетті, білімді, болашақта еліміздің тірегі бола алатын, бабаларымыз армандағандай ұрпақ тәрбиелеу мақсаттарын орындауға негіз болады деп сенеміз. Шәкірті үшін барлық қиындыққа төзетін жаны жайсаң, жүрегі алтын, алақаны аялы ұстаздар пандемия кезінде де ерен еңбектеріңізбен бүкіл елімізге өнеге бола беріңіздер!

Мұсылман баласының рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін ұлық та қасиетті айлардың бірі Рамазан айы – бір шаңырақтың астында ауызбіршілік пен келісімде қызмет етіп, біріктіре түсетін ынтымақ айы болсын, ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!!!.

Қарашаңырағымызда бірлік пен келісім салтанат құра берсін!

БІЗ БІРГЕМІЗ!!!

Бастауышта оқыту әдістемесі кафедрасы атынан: ЕРКЕ ІЗБАСАРҚЫЗЫ!!!.