Гүлжан Сүгірбаева өз жұмысында ашықтық пен жариялылықты негіз етіп отыр

19.02.20

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева  факультеттердің жұмысымен танысуда. Университет басшысы  іргелі оқу ордасындағы ұзақ жылдардан бері желісі үзілмей келе жатқан  дәстүрлі құндылықтардың сақталуы және оның жалғасуына  жете мән беруде. Ұстаздар  ректордың университеттегі моральдық-психологиялық  ахуалды тіктеу, оны жақсарту бағытындағы бастамаларын қуана қолдады. Оқытушы профессорлық құрам   ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуін құптайды. Факультет декандары студенттердің қатысуымен өтетін жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді. Оның ішіндегі айтулы әрі маңызды шаралардың бірқатары ойшыл ғұлама әл-Фарабидің 1150 және ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылмақ.   Мерейтой аясында дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар өткізу жоспарланған. Кездесу барысында сондай-ақ Гүлжан Сүгірбаева да алдағы кезде атқаратын жұмыс жоспарымен  бөлісті. Оқытушыларды жуық арада болатын  университеттің  аккредитациядан өту сынағына тыңғылықты дайындық жасауын тапсырды.  Сонымен қатар сандық технологияны дамыту  жобасы да әрі қарай жалғасын табатынын жеткізді. Ғылыми жұмыстарды жандандыру және дарынды жастарды қолдау ісі де университет басшылығы жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева өз жұмысында  ашықтық пен жариялылықты негіз етіп отыр. Оқу ордасы басшысының есігі оқытушылар мен студенттер үшін үнемі ашық. Ол ұжым мүшелерінің сенімінен шығуға барын салатынын айтады.