БҰЛ ЖОЛҒЫ САЙЫСТЫҢ ЕРЕКШЕЛIГI КӨП БОЛДЫ

16.01.20

Жақында Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Түркістан облысына қарасты мектеп оқушыларына арналған облыстық пән олимпиадасы өтті.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңге 979 оқушы қатысты. Олардың 480-і қоғамдық-гуманитарлық, 499-ы жаратылыстану-математика бағыты бойынша бақ сынады. Нәтижесінде 545 оқушы үздік деп танылып, екінші кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, бұл жолғы сайыстың алдыңғыларына қарағанда ерекшелігі көп болды. Мәселен, үміткерлердің біліміне баға беруге Нұр-Сұлтан қаласындағы «Edlight» академиясынан арнайы мамандар келді. Халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары шақырылды. Сондай-ақ, олимпиадаға қатысушыларға ОҚМПУ-дың профессор-оқытушылары қазылық жасады.

Екі кезеңінің қорытындысы бойынша 48 оқушы – І орынды, 96 оқушы – ІІ орынды, 170 оқушы ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаз болған 11-сынып оқушыларына еліміздің бірқатар оқу орындарының оқу гранты табыс етілді. Толығырақ тоқтала кетсек, Қазақ–Британ университеті 12 оқу грантын (100, 50 және 30 пайыздық төлемақы жеңілдігімен), Астана халықаралық университеті 6 оқу грантын сыйға тартса, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті 3 жеңімпазға ректордың оқу грантын берді.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, облыстық пән олимпиадасында Кентау «Білім-инновация» лицей-интернатының, Кентау мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының, Н.Оңдасынов атындағы Түркістан, Жетісай, Түлкібас мамандандырылған мектеп-интернаттарының және тағы басқа да облыстық білім беру ұйымдарының оқушылары үздік нәтижеге қол жеткізді.

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

http://okg.kz/article/?id=19555&alias=bul-zholgy-saiystyn-ereksheligi-kop-boldy