ҚҰЛЫМБЕТОВ ЕЛЕУСІЗ

ҚҰЛЫМБЕТОВ ЕЛЕУСІЗ (1924-2012)

филология ғылымдарының кандидаты, доцент                                             

Құлымбетов Елеусіз Құлымбетұлы  1924 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Қанай ауылында дүниеге келген.

1942 жылы Шымкент мемлекеттік мұғалімдер институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1944 жылы 30 маусымда бітіріп шығады. Сол жылы 27 тамызда Балықшыдағы қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып еңбек жолын бастайды.

1945-1947 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша күндізгі бөлімде оқып, 1947 жылы бітіреді. 1947-1976 жылдары Шымкент облысы, Түлкібас ауданы, Ванновка ауылындағы Абай орта мектебінде 7-10 сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.

1974 жылы Б.Кенжебаевтың жетекшілігімен Қазақ мемлекеттік университеті кеңесінде “Өтебай Тұрманжановтың әдеби мұрасы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, КСРО ЖАК шешімімен филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәреже берілді.

1976-1978 жылдары Талдықорған педагогикалық институтының педагогика және психология кафедрасында аға оқытушы, 1978-1999 жылдары Шымкент педагогикалық институтында қызмет етті. 1994 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да аға оқытушы, педагогика кафедрасының доценті, 1985-1987 жылдар аралығында қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1987 жылдан осы кафедраның доценті болып қызмет атқарды.

Е.Құлымбетовке 1985 жылы КСРО ЖАК шешімімен қазақ әдебиеті бойынша доцент ғылыми дәрежесі берілді.

1999-2002 жылдары Халықаралық қазақ-араб университетінің доценті, 2002-2005 жылдары Ұлағат академиясы жалпы тілдер және әдебиет кафедрасының доценті, 2005-2006 жылдары Шымкент университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті қызметтерін атқарды.

Е.Құлымбетов қай жерде қызмет істесе де, өзінің энциклопедиялық мол білімін шәкірттеріне терең сіңіре білді. Мекемтас Мырзахметұлы, Қуандық Тұрдалин, Серік Пірәлиев, Мақсат Әліпханов, Саттар Өмірзақов т.б. шәкірттері білім нәрімен сусындатқан Елеусіз ағаларына әрдайым ризашылық пейілде.

Е.Құлымбетовтің ғылымдағы жолын қызы – филология ғылымдарының докторы, профессор Әлия Елеусізқызы Құлымбетова жалғастырып келеді. Ол көркем мәтінді жүйелі талдаудың Қазақстандық ғылыми мектебінің негізін салған ғалым. Екінші бір қызы – Жәмила Елеусізқызы және немересі Жұлдыз Серікқызы медицина ғылымдарының кандидаттары.