КАМАРДИНОВ ОРАЛХАН

КАМАРДИНОВ ОРАЛХАН (1929-2006)

физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор

Камардинов Оралхан Камардинұлы 1929 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. 1945 жылы Шымкент мұғалімдер институтын, 1950 жылы Қызылорда педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша бітірген.

1950-1953 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының мектептерінде математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарды.

1953-1970 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтында аға оқытушы, доцент, жоғары математика кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы қызметтерінде болды. 1970-1988 жылдары Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттың ректоры, 1988-1994 жылдары  аталған институтта доцент қызметтерін атқарды, 1994-2004 жылдары А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтында информатика және есептеу техникасы кафедрасында қызмет етті.

 О.К. Камардиновке 1998 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры академиялық атағы берілді.

1967 жылы математика саласы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

О.Камардинов 60-тан астам ғылыми еңбектің, информатика пәні бойынша оннан астам оқулық пен оқу құралдарының авторы болды. “Паскаль тілінде программалау” (1994), “Информатика I” (2000), “Информатика II” (2004), “Жасанды интеллект. Сараптаушы жүйелер. Пролог” (2003) “Turbo C және Turbo C++ тілдерінде программалау” (2005) атты жоғары оқу орындарының студенттері үшін қазақ тілінде оқулықтар жазып баспадан шығарды. 2000-2003 жылдары ғалымның оқулықтары Республика жоғары оқу орындары Ассосициясына ұсынылды. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары Ассосициясының қолдауымен 2004 жылы баспадан шыққан “Информатика” оқулығы бүкіл Қазақстанның жоғары оқу орындарына таратылды.

Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаздың   еңбектері   жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Жоғары Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Екі рет Шымкент облыстық кеңесінің, тоғыз рет Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.