ЖҰМАШЕВ ОРАЗБЕК

ЖҰМАШЕВ ОРАЗБЕК (1936-1999)

филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Жұмашев Оразбек Жұмашұлы 1936 жылы Төлеби ауданы, Сайрамсу ауылында дүниеге келеді. 1944 жылы Көксәйек бастауыш мектебінің бірінші класына барып, 1954 жылы Георгиевка орта мектебін бітірген соң, Қазақстан жеті жылдық мектебінде бір жыл бастауыш класс мұғалімі болып жұмыс істейді.

1955 жылы Шымкент педагогика институтына түсіп, оны 1960 жылы бітірген соң Шымкент педагогика институты комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. 1964-1968 жылдар аралығында облыстағы сегіз жылдық, он жылдық мектептерде директор болып жұмыс істейді. 1968 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсіп, 1971 жылы профессор К.Ахановтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі етістік синонимдері» деген тақырыпта түркі тілдері мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1971-1979 жылдар аралығында Жамбыл педагогика институтында аға оқытушы болып жұмыс істейді. 1979 жылдан Шымкент педагогика институты, кейіннен Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында доцент, (1988-1990) қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, 1990 жылдан өмірінің соңына дейін филология факультетінің деканы қызметін атқарады.

О.Жұмашев 1996 жылы Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының мүше-корреспонденті болып сайланған. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Сенатының мүшесі, филология ғылымдары атағын беретін Ғылыми кеңестің мүшесі, ХҚТУ профессоры болған.

Оразбек Жұмашұлының 50-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген. Соның ішінде: оқуға түсушілер үшін «Қазақ тілі», орыс мектептері үшін «Қазақ тілі», орыс балабақшалары үшін «Қазақ тілі» көмекші құралдарын және жоғары оқу орны тыңдаушылары үшін «Латын тілі» еңбектерін атауға болады. 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1987 жылы  «ССРО оқу ісінің озаты» белгісімен марапатталған.