ТАНАБАЕВ ӨМІРТАЙ

ТАНАБАЕВ ӨМІРТАЙ (1940-2003)

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Танабаев Өміртай Танабайұлы 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Әңгірата ауылында дүниеге келді. 1961 жылы Шымкент қаласындағы педагогика институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп. 1965 жылы институтты үздік бітірген соң, өзі оқыған мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналасады.

1965-1985 жылдары Абай орта мектебінде мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Ленгір аудандық комсомол комитетінің мектеп ісі жөніндегі хатшысы қызметтерін атқарған. Қазақ ССР-нің IV табиғат қорғау съезіне делегат болып қатысқан. Ө.Танабаевтың  еңбектері жоғары бағаланып, Республикалық табиғат қорғау комитеті президиумының «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Мектепте ұстаздық ете  жүріп, одақтық және республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда, конференция  материалдарында ондаған ғылыми мақаласы жарияланады. Осы еңбектері үшін Ө. Танабаев Қазақ ССР оқу министрлігінің «Құрмет грамотасымен» (1974), «Қазақ ССР оқу ісінің  үздігі» (1976) белгісімен марапатталады.

1986 жылы Оқу-ағарту саласындағы еңбектерін ескерілген Ө.Танабаев Шымкент педагогика институтына аға оқытушы етіп қабылданады. Содан бері ол қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, доценті, сыртқы оқу бөлімі жөніндегі деканның орынбасары, деканы (1992-1996), 1999 жылдың тамыз  айынан филология факультетінің деканы болып істейді. 1990 жылдан республикаға әйгілі С.Ерубаев атындағы әдебиет пен өнер шығармашылық бірлестігінің жетекшісі болған.

Өміртай Танабаев 1992 жылы «Әдебиетті оқу және кластан тыс жұмыстар процесінде оқушыларға экологиялық тәрбие беру» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғалымның диссертациялық еңбегі, ғылыми-әдістемелік оқу құралдары мен мақалалары республикамызда гуманитарлық пәндер негізінде экологиялық тәрбие берудің алғашқы көріністері ретінде бағаланған. Ол – 50-ден астам ғылыми мақалалардың, 10 ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.

Көлемді ғылыми еңбектері: Әдебиет сабақтарында оқушылардың табиғатқа сүйіспеншілігін қалыптастыру. Алматы, 1980; Ана тілін оқытуда оқушыларды табиғат сүюге тәрбиелеу. Шымкент, 1990; Ана тілін оқытуда экологиялық тәрбие беру жолдары. Алматы, 1991; Қазақ әдебиеті мен тілінен жазба жұмысы. Шымкент, 1996; Жыраулар поязиясы және табиғат (монография). Алматы, 1999; Махамбет поэзиясындағы табиғаттың орны. Шымкент, 2000; Туған жерім – тәңірім, табынарым. Алматы, 2002