КУТНЯКОВА НАДЕЖДА

КУТНЯКОВА НАДЕЖДА (1945-2010)

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Кутнякова Надежда Васильевна 1945 жылы Қарағанды облысы,  Осакаров стансасы, Карлаг аумағында  дүниеге келген. 1952-1962 жылдары Қарағанды облысы, Осакаров стансасындағы  орта мектепте оқып, білім алды. Мектепті алтын медальмен бітірген соң, 1962 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих-педагогика факультетіне оқуға түсті.

1966 жылы Шымкент педагогикалық институтын үздік дипломмен бітіріп, Қазақстан тарихы кафедрасында ассистент қызметіне қалдырылды. 1969 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына оқуға түседі. Оны 1972 жылы аяқтап, Шымкент педагогикалық институтына оқытушылық жұмысқа оралады. 1974 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1980-1991 жылдары КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеді.

1981 жылы Н.В. Кутняковаға ҚР ЖАК шешімімен доцент ғылыми атағы, 2006 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры академиялық атағы берілді.

Н.В.Кутнякова тарих мамандықтарына арналған 5 оқулық пен оқу құралының авторы. Н.Кутнякованың ғылым, білім саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері бағаланып, ол ҚазССР Оқу ағарту министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. Сонымен қатар Халықтар достығы және ынтымақтастық ұйымының «Бауырмал» сыйлығының лауреаты.