ЖОЛДАСОВ СӘБИТ

ЖОЛДАСОВ СӘБИТ (1940-2015)

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Жолдасов Сәбит 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын орта мектепті бітірген соң, 1957 жылы колхозда көмекші-шопан, астық дайындау мекемесінде жүк тасушы болып бастады. Кейінірек  Шаян аудандық «Социалистік колхоз» газетінің тілшісі, аудандық пионерлер үйінің директоры болып қызмет етті.

1966 жылы Шымкент  педагогикалық  институтының  тарих факультетін үздік бітіріп, Шаян ауданындағы Борлысай орта мектебінде және Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 орта  мектепте мұғалімдік қызмет атқарды. 1975-1988 жылдары Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетінің үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы, лектор, лекторлар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1986 жылы «Қазақстанның техникалық дақылдармен айналысатын аудандарындағы ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуындағы Коммунистік партияның ролі (1921-1929 жылдар)» деген тақырыпта кандидаттық, 1993 жылы «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясының қарапайым түрлерінің пайда болу және даму тарихы (ХХ ғасырдың 20-30 жылдары)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

1988-1993 жылдары М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында доцент, жалпы тарих және Қазақстан тарихы кафедраларында меңгеруші, тарих факультетінің деканы болып қызмет атқарды. 1993-2010 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ профессоры қызметін атқара жүріп,  Оңтүстік Қазақстан араб тілі институтының ректоры, Алматы шет тілдер және іскерлік карьера университетінің проректоры, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры қызметтерін атқарды.

С.Жолдасовтың «Деятельность сельскохозяйственной кооперации в Казахстане» монографиясы (1991 ж.), «Иелі жер киелі. Құт қойнауы» очеркі (1991 ж.), «Тағдыр» әңгімелер жинағы (1992 ж.), «Шаян – шежірелі өңір» (1993 ж.), «Бірліктің басы болған Ордабасы» (1993 ж.) кітаптары, «Ислам тарихы» оқулығы (1998 ж.), «Бұ пәни мен о бақи хикаялары» әңгімелер жинағы (1998 ж.), «Шежірелі Оңтүстік»  монографиясы (2002 ж.), «Шілдедегі шайқас» тарихи романы, «Қазақстанның Оңтүстік өңірінің тарихы» монографиясы, «Шаян – шежірелі өңір» (2008 ж.), «Тарихы толған Борлысай» (2011 ж.) атты монографиялары мен ғылыми көпшілік кітаптары жарық көріп, оқырман қауымға ұсынылды.

С.Жолдасов 2010 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысының үздік ғалымы» номинациясының, 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері болды. С.Жолдасов Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.