МАРЫ АЙТМАХАМБЕТ

МАРЫ АЙТМАХАМБЕТ (1937-2008)

химия ғылымдарының кандидаты

Мары Айтмахамбет Марыұлы  1937  жылы  Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам  ауданы, Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Қарасу ауылындағы С.Ордженикидзе атындағы орта мектепті үздік бітірген соң, 1954 жылы  Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының  физика-математика факультетіндегі  физика, өндіріс негіздері, сызу мамандығына студент болып қабылданды.

1959 жылы институтты үздік белгімен бітіргеннен кейін ол алдымен   Шымкент қаласындағы  Жамбыл атындағы №26 орта мектепте екі  жыл, одан кейін №12 мектеп-интернатта 5 жыл  физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. 1966 жылдан бастап оның  оқытушылық қызметі Шымкент мемлекеттік  педагогикалық институтының  физика-математика факультетіндегі  физика кафедрасында  жалғасты.  Өңдірістен қол үзбей жүріп ол КСРО  Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесіндегі Неорганикалық химия институтында «Масс-спектрометрический анализ кадмия, теллура, ртути и их соединений» деген тақырыпта диссертация дайындады. 1988 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде диссертация қорғап, химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Ал 1996 жылы ҚР ЖАК шешімімен доцент атағы берілді.

Мары Айтмаханбет Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтында, Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында физика курстары бойынша лекциялық, практикалық және лабораториялық сабақтарды жоғары ғылыми-теориялық деңгейде жүргізді, студенттердің ғылыми жұмыстарына үнемі жетекшілік етіп отырды. Ол – 30-дан астам ғылыми еңбектердің авторы. Оның мақалалары КСРО Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесінің «Известия» журналдарында, «Аналитика Сибири», «Процесс роста и синтеза полупроводников, кристаллов и пленок», «Высоко-чистые вещества» және «Специальный сборник /ДСЦ/» арнайы  жинақтарда жарық көрген. Германиядағы Дрезден қаласында «High-Pority materials in Science and  Tehnology: Proc.6-th Internation Symposium» атты симпоузимға қатысып, ғылыми мақалаларын жариялады.  Физика мамандығының студенттеріне арнайы «Физика сабақтарының өлшеу және өлшеу нәтижелерін бағалау» (1994ж.), «Жалпы физикалық практикум» (2004ж.) және т.б. оқу құралдарын шығарды.

Ұстаздық қызметімен қатар кафедра мен факультетте бірқатар қоғамдық жұмыстар атқарған: декан орынбасары, тәлімгер,  оқу лабораториясының меңгерушісі, институттың ревизиялық комиссиясының төрағасы, оқушылардың қалалық, облыстық олимпиадасын өткізудегі комиссия мүшесі. Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының, Халықаралық қазақ-түрік университетінің алғыс хаттарымен, «Ерен еңбегі үшін» (1986ж.) медалімен марапатталған.

Мары Айтмаханбет 2002-2007 жылдары Шымкент әлеуметтік-педагогикалық институтында физика-математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.