ТОЙШИЕВА ТҰРҒАНАЙ

ТОЙШИЕВА ТҰРҒАНАЙ 

ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері

Тойшиева Тұрғанай Тойшықызы 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Отырар ауданы,  Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Шәуілдір ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепті, 1949-1951 жылдар аралығында Н. Крупская атындағы Шымкент мұғалімдер институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді.

1951-1953 жылдары Шәуілдір ауылы Кеңес бастауыш орта мектебінің мұғалімі болып қызмет жолын бастады. 1953-1957 жылдары Шаян орта мектебіне ауысып, сонда мұғалімдік қызметін атқарған. Сол жылдары 1953-1955 жылдары Шаян аудандық  Кеңесінің 13 шақырылымының депутаты болып сайланған.

1957-1958 жылдары  Георгиевка ауданы, Ворошилов орта мектебі, 1958-1959 жылдары М. Горький атындағы орта мектепте жұмыс істеген.

1961 жылы Шымкент педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті мамандығын үздік дипломмен бітірген. ЖОО бітірген соң, 1964 жылдарға дейін Қайнарбұлақ орта мектебінде, 1964-1977 жылдары Алғабас ауданы, Глинково ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте қызмет атқарды.

Осы кезеңдердегі жеткен жетістіктері үшін 1968 жылы «ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен, 1970 жылы И. Лениннің 100 жылдығына орай «Еңбектегі ерлігі  үшін»  медалімен марапатталған. 1971 жылы облыстық кеңес депутаты болып сайланған. 1977-1983 жылдары Алғабас ауданы, Красная Нива совхозындағы К.Сәтпаев, 1984-1986 жылдары С.Ерубаев атындағы орта мектебінде қызмет атқарған.

Тұрғанай Тойшықызына Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1978 жылы 23 мамырдағы жарлығы бойынша ҚазССР-на «Еңбегі сіңген мұғалім»  құрметті атағы беріліп, Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаттығына сайланды. 1980 жылы «Методист мұғалім» деген атақ беріліп, 1983 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленген.