БАЙТАНАЕВ БОЛАТ

БАЙТАНАЕВ БОЛАТ 

филология ғылымдарының докторы, профессор

 Байтанаев Болат Әбішұлы 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

1967 жылы Шымкент педагогика институтының филология факультетін ұлт мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мамандығы  бойынша бітіріп, әл-Фараби атындағы мәдениет институтында оқытушы болып еңбек жолын бастайды. 1974 жылы «Қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының ауызша поэтикалық дәстүрі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған жас ғалым 1975 жылы доцент, 1976 жылы кафедра меңгерушісі болып сайланады. 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры, академик Е.А.Букетовтің шақыруымен кафедра меңгерушісі, ал 1979 жылдан бастап филология факультетінің деканы болып он жылдан астам қызмет атқарды.

1991 жылы қасиетті Түркістанда халықаралық деңгейде ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің алғашқы проректоры болып, университеттің қалыптасуына  үлесін қосқан. 1994 жылы «Қазақ романының көркемдік құрылымындағы ауызша поэтикалық дәстүрлер» деген  тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

1996 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы болып қызмет етті. Бойындағы бар күшін сарп етіп, еңбек жолында жан аямай қажырлы еңбек ету Болат Әбішұлының ең басты қасиеті еді. Ол тек ұлағатты ұстаз ғана емес, сонымен қатар үлкен ғалым, әдебиет зерттеушісі еді. Оның қазақ прозасындағы жанрдың қалыптасуы, қайнар көзі туралы ізденістері жеке кітап болып жарық көрді.

Болат Байтанаев – «Жанр бастаулары» (1976) және «Қазақ романының көркемдік бітіміндегі ауызша поэтикалық дәстүр» (1994) деген тақырыпта жарық көрген екі монографиялық еңбектің және 40-тан аса ғылыми мақалалардың авторы.