АСЫЛБЕКОВ МАЛИК-ХАЙДАР

АСЫЛБЕКОВ МАЛИК-ХАЙДАР 

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі,

 тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 Асылбеков Малик-Хайдар Хантемірұлы 1929 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Шардара ауылында дүниеге келген. 1948 жылы Шымкент мұғалімдер институтын, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген.

 Еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастайды. Жас болса да ол өзінің  ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, оған орта мектепке жетекшілік ету сеніп тапсырылады, кейінірек Қызылқұм аудандық оқу бөлімін басқарады.

1958 жылы А.Н.Нүсіпбеков, Б.С.Сүлейменов, Г.Ф.Дахшлейгер және т.б. аға буын тарихшы-ұстаздарының шақыруымен Алматыға келіп, Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтына кіші ғылыми қызметкер лауазымына жұмысқа тұрады. Осы уақыттан бастап оның өмірі, қызметі ғылыми зерттеушілік жұмыспен байланысты өтеді.

Жас ғалым 1963 жылы ҚазКСР ҒА-ның Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғалым хатшысы қызметіне шақырылды. Бұл қызметте академиктер ҚазКСР ҒА вице-президенті С.Б.Бәйішевпен, бөлімнің академик-хатшысы М.С.Сильченкомен және оның орынбасары  С.К.Кеңесбаевпен жұмыс істеуі оның ғылыми шығармашылық деңгейінің өсуіне зор ықпал етті. Ғалым ҚазКСР ҒА Президиумы аппаратындағы әкімшілік жұмысты ғылыми-зерттеу ісімен табысты ұштастырды.

1968 жылы М-А.Х. Асылбеков ғылымдағы әкімшілік жұмыспен айналысуды тоқтатып, өз қызметін тарих ғылымына толықтай арнайды. Алғашында Ш.Уәлиханов  атындағы тарих, археология және этнография институтында  аға ғылыми қызметкер, ал 1980 жылдан бері бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.

 М.Асылбековтің 200-ден астам ғылыми еңбегі, 5 монографиясы жарық көрген. Ол терең эрудициялы, кең ауқымды тарихтың сан-салалы бағытын қамтыған еңбектерді дүниеге әкелді. «Қазақ ССР тарихы» бес томдық (көне заманнан бүгінге дейін), «Советтік Қазақстан жұмысшы табының тарихы» екі томдық, «Қазақстан тарихы. Очерктер» қазақ және орыс тілдерінде (1993-1994 жж.), «Қазақстан тарихы» ағылшын тілінде (1998 ж.) т.б. жарияланған  күрделі еңбектердің  авторы. Бұл түйінді, іргелі еңбектерде ғалым Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр тарихының проблемаларын қарастырған.

  Ғалымның жетекшілігімен  тарих ғылымдарының 10 докторы, 45 ғылым кандидаты диссертацияларын қорғап шыққан.

  Қазақстанның көрнекті ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі.

М-Х.Х.Асылбеков «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген құрметті атақты иеленді. 2000 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.