ТАСОВА  МАРЖАН

ТАСОВА  МАРЖАН 

Социалистік Еңбек Ері

Тасова  Маржан Тасқызы  1923 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Ол орталау мектепті бітіргеннен кейін Түркістан педучилищесінде оқыды. 1940 жылы педучилищені бітірген соң, білімін одан әрі толықтыру мақсатында Н.К.Крупская атындағы Шымкент мұғалімдер институтына оқуға түсті. Иституттың бірінші курсында оқып жүрген кезде Ұлы Отан соғысы басталады. Маржан Тасқызының оқуға мүмкіндігі болмай, Алғабас ауданындағы Төрткүл орталау мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Соғыстан кейін мұғалімдер институтындағы оқуын жалғастырып, оны 1948 жылы аяқтайды. М.Тасова 1956 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын  бітіреді.

1943-1946 жылдары Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданындағы әл-Фараби атындағы орталау мектепте директор болып жұмыс істеді. 1946-1952 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінде нұсқаушы, қалалық партия комитетінде бөлім бастығы қызметтерін атқарады. 1952-1959 жылдары Шымкент қаласында Сыпатаев атындағы №7 мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Маржан Тасқызы 1960 жылы Шымкент қаласындағы №2 қыздар интернатында директор болады. 1961 жылдан 1984 жылға дейін Шымкент қаласындағы №12 мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарып, 1984 жылы бүкілодақтық дәрежедегі құрметті демалысқа шығады.

1984-1987 жылдар арасында облыстық педагогикалық қоғамның бастығы болды. Маржан Тасқызы өзінің еңбекке толы өмір жолында облыстық кеңестің бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Сондай-ақ, қалалық партия комитетінде пленум мүшесі, облыстық кәсіподақ ұйымы президиумының мүшесі болып бірнеше рет сайланды. Кеңес үкіметі кезінде болған мұғалімдердің бүкілодақтық ІІ, ІІІ съездеріне делегат болып қатысты. Өзінің педагогтік іс-тәжірибесінен «Мектеп-интернат және эстетикалық тәрбие» деген еңбек жазды. Кезінде бұл еңбек бүкіл республика мектеп-интернаттарына озат тәжірибе ретінде таратылды.

Республикаға, одаққа танымал болған ғалымдар, қаламгерлер, академик Ө.Жолдасбеков, С.Темірбеков, Ә.Монтаев, Е.Мырзаев, Ә.Әлиев, Т.Қазақбаев, Т.Қалменов, А.Ақаев т.б. көрнекті тұлғалар М.Тасованың қолында тәрбиеленген. 1977 жылы қазан айында Маржан Тасқызы Монғолия халық республикасына Шымкент облыстық партия комитетінің делегациясымен бірге барып қайтты. Ұзақ жылдардағы педагогтік қызметі үшін Маржан Тасқызы «1941-1945 жылдардағы Отан соғысы кезінде үздік еңбегі үшін» медалімен «Еңбек қызыл Ту» орденімен, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен», «Қазақ КСР-інің, «КСРО-ның озат мұғалімі», «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы» және 30, 40, 45 жылдардағы медальдарымен марапатталды.  1978 жылы Маржан Тасқызы Кеңестер Одағындағы ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын алды.

Маржан Тасқызы өзінің бүкіл өмірін жастарды тәрбиелеуге арнады, елінің болашағы үшін аянбай тер төкті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 03.10.2003. жылғы қаулысымен, Шымкенттегі №12 мектеп-интернатқа осы мектептің негізін қалаған ұлағатты ұстаз, Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасованың есімі берілді. Мектеп-интернатта М.Тасоваға арналған мұражай бар.