ДОСЫБЕКОВ ҚАМБАР

ДОСЫБЕКОВ ҚАМБАР 

физика-математика ғылымдарының кандидаты доцент, еңбек ардагері

Досыбеков Қамбар Досыбекұлы қазіргі Бәйдібек ауданы Жолғабас ауылында диірменші отбасында дүниеге келген. 1955 жылы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика  факультетіне оқуға түсіп, оны 1960 жылы математика, физика және сызу мамандықтары бойынша бітіріп шығады. Сол жылы Шымкент педагогикалық институты Жоғары математика кафедрасының ассистенті қызметіне қабылданды. Ол  Мәскеудің тоқыма институтына білімін жетілдіруге жіберілді. 1960 жылдан Шымкент педагогика институты Жоғары математика   кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды.

1971 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде «Айналмалы үш дененің релятивистік есебінің дербес шешімдері» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Авторефератқа пікір берген КСРО Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты, профессор  Ю.И. Топчеев: “Қ. Досыбековтің ғылыми зерттеулерін, релятивистік аспан механикасы ғылымын бір адым алға жылжытқан қомақты еңбек деп білу керек,”- деп жазды.

Қамбар Досыбекұлының ұстаздық, ұйымдастырушылық қасиеттері, студенттерді патриоттық рухта тәрбиелеудегі жетістіктері, сырттай оқыту факультеті деканының орынбасары, даярлық бөлімінің деканы қызметтерін атқарған кезде ерекше көзге түсті. Даярлық бөлімін басқарған 1980-1987 жылдары  білім алуға құштар қабілетті жұмысшы жастарға, ауған соғысынан оралған, Чернобыль апатынан тұрғындарды құтқаруға қатысқан және әскер қатарынан қайтқан солдаттардың институтқа қабылдануына ықпал ете білді.

Қ. Досыбекұлы физика-математика ғылымдары жетістіктерін көпшілік арасында насихаттау жұмыстарын республикалық және бүкілодақтық “Білім” қоғамы лекторлары ретінде конференцияларда баяндамалар жасап жүргізді.

1988 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ Жоғары математика каферасына доцент қызметіне ауысты. Жоғары оқу орындарында 50 жылдан аса ғылыми-педагогикалық қызметте жүріп, жоғары математика пәнін оқыту мәселелерін зерттеді. Оның жазған “Анализге кіріспе”, “Математикалық талдау”, “Жай дифференциалдық теңдеулер”, “Аналитикалық геометрия”, “Жоғары математика І том” және т.б. қазақ тіліндегі оқулықтары оқу үдерісіне енгізілген.

Доцент Қ.Досыбекұлының студенттерге білім беру саласындағы еңбегі бағаланып, “Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері” белгісімен,   Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының грамотасымен марапатталды. Еңбек жолын жоғарғы оқу орнында бастап, қажымай қызмет етіп жүрген ол студенттердің құрметті ұстазы, белгілі теоретик-ғалым, әріптестеріне сыйлы, адал, ардақты азамат. Қ. Досыбекұлы Шымкент педагогикалық институтының мақтан тұтар түлегі.