СЕЙІТҚҰЛОВ ОҢЛАБЕК

СЕЙІТҚҰЛОВ ОҢЛАБЕК

физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент

Сейітқұлов Оңлабек Сейітқұлұлы 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Коммунизм елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1957 жылы туған ауылындағы мектепте пионер ұйымының жетекшісі болып бастады. 1962 жылы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген соң, мектепте физика және еңбек пәнінің мұғалімі, аудандық оқу бөлімінің штаттан тыс инспекторы,  мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1966-1986 жылдары Шымкент педагогикалық институтының жалпы физика кафедрасында аға оқытушы, 1986-1992 жылдары алгебра және есептеуіш техника кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды.

 1992-1999 жылдары облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтындағы жаратылыстану ғылымдарынан білім берудің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, 1999-2000 жылдары информатика және оқытудың техникалық құралдары зертханасының меңгерушісі, 2000-2003 жылдары информатика кабинетінің меңгерушісі, 2003-2004 жылдары информатика, жаратылыстану, математика және оларды оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, 2004-2007 жылдары оқытудың мазмұны және әдістемесі кафедрасының доценті қызметтерінде болды.

2008 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтының бағдарламалау және есептеу техникасы кафедрасында доцент  қызметін атқарды. Ол бұл қызметтерде өзінің адал, білгір де білікті маман екендігін таныта білді. Кафедраның материалдық-техникалық базасын нығайтуда көп жұмыстар атқарды.

1984 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады, кейінірек доцент ғылыми атағы берілді. О. Сейітқұловтың 177 баспа табақ көлеміндегі 30-ға жуық ғылыми және әдістемелік оқу құралы баспадан шыққан.

Ұзақ жылдар бойғы жемісті ғылыми-педагогикалық еңбегі ескеріліп, Шымкент педагогикалық институтының, ҚР Білім және ғылым министірлігінің, әдістемелік орталықтың, облыстық білім департаментінің бірнеше мақтау қағаздарымен және «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

О.Сейітқұлов облысымыздың мектептерінде қазіргі таңда еңбек етіп жүрген педагог кадрларды даярлауда абыроймен аянбай еңбек етті. Ол байырғы Шымкент педагогика институтының түлегі ретінде де, осы оқу орнының белді профессор-оқытушысы ретінде де мақтан тұтар тұлға.