​БАЙЫМБЕТОВА  ЖҮЗІМКҮЛ 

БАЙЫМБЕТОВА  ЖҮЗІМКҮЛ 

филология ғылымдарының  кандидаты, доцент

Байымбетова  Жүзімкүл  Арзымбетқызы 1955 жылы Төлеби ауданы, Әңгір-Ата ауылында  дүниеге келген. 1971 жылы Төлеби ауданы, «Абай» орта мектебін күміс медальмен бітірген. 1971-1973 жылдары Төлеби аудандық Кеңесінің депутаттығына сайланған. 1973-1974 жылдары Шымкент пединститутының даярлық бөлімінде, 1974-1978 жылдары Шымкент пединституты филология  факультетінде «Лениндік стипендиямен» оқып, 1978 жылы институтты үздік  бітірген. Шымкент пединститутының күндізгі бөлімінде оқып жүріп, кешкі екі жылдық шет тілдері курсын үздік бітірген. 1978-1980 жылдары Төлеби ауданы «Ақбастау» орта  мектебінде, 1980-1990 жылдары  Шымкент  қаласындағы  №37 орта мектепте қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі және мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1984 жылы Қаз ССР Оқу министрлігінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталса, 1985 жылы Қаз ССР Оқу министрлігінің №151 бұйрығымен «Оқытушы-методист» атағы берілген. 1990-1996 жылдары Шымкент  пединститутының қазақ тілі кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. 1994 жылы  ҚР ҰҒА Тіл білімі институтында ф.ғ.д., проф. А.Қалыбаеваның жетекшілігімен «ҚТТС-тегі етістік баяндауыштардың грамматикалық сипаты» деген тақырыпта «10.02.06 - түркі тіл білімі» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 2002 жылы «10.02.02 - тіл білімі» мамандығы бойынша ЖАК-тың  шешімімен доцент атағын алды. 1996-1999 жылдары  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Тіл білімі кафедрасында, 1999 жылдан ХҚТУ ШИ-дің қазақ тілі кафедрасында қызмет атқарды. 2011 жылдың қыркүйегінен ОҚМПИ-дың  қазақ тілі және қазақ әдебиеті кафедрсында доцент қызметін атқарып келеді.

73 ғылыми еңбектері, 19 оқу, оқу-әдістемелік құралдары  жарияланған. Атап айтқанда, «Қазақ тілін үйренейік» оқу құралы (1998), «Етістікті оқыту» оқу құралы (2002), «Қазақ тілінің морф. методикалық кеңес және бақылау пысықтау жұмыстары» оқу құралы (2003), «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» оқу құралы (2005), «Тіл біліміне кіріспе» оқу құралы (2007), «Тіл біліміне кіріспе (Практикалық курс) оқу құралы (2008), «Қазіргі қазақ тілінің морф. теориялық және практикалық курсы» оқу құралы, І, ІІ кітап (2011), «Тіл білімінің теориялық және практикалық курсы» оқу құралы (2011), «Тіл білімі» оқу құралы (2012), «Морфология» оқу құралы (2012), «Қазақ тілінің сөзжасамынан лекциялар жинағы» (2012), «Қазақ тілінің морфологиясынан лекциялар жинағы» (2012), «Тіл біліміне  кіріспеден лекциялар жинағы» (2012), «Жалпы тіл білімі» (2012) оқу құралы т.б. «Етістік түбіріне сіңіскен қосымшалар» атты докторлық диссертациясының тақырыбы 2001 жылы  бекітіліп, осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. «Тіл біліміне кіріспе», «Жалпы тіл білімі», «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы», «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» т.б. пәндерден  лекция оқып, практикалық   сабақ жүргізеді. Дайындаған шәкірттері ҚР ЖОО өткізілетін «Ең үздік ғылыми жұмыс» атты республикалық байқауларда үздік деп танылып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің II дәрежелі дипломдарымен марапатталған.