МАХАНОВ ТҰРСЫНХАН

МАХАНОВ ТҰРСЫНХАН

педагогика ғылымдарының кандидаты

 Маханов Тұрсынхан Шалабайұлы 1990 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының «Кәсіпке баулудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасына оқу шебері қызметіне орналасты. 1992-1997 жылдар аралығында Х.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде кәсіби-еңбек мамандығы бойынша сырттай оқу бөлімінде білім алып, сәтті аяқтады. 2002 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Жаратылыстану-педагогикалық факультетінің «Кәсіпке баулудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасында оқытушы болып қабылданып, 2007 жылы аға оқытушы қызметіне ауыстырылды.

  2010 жылы профессор О.Ү.Мұсабеков және доцент Ю.Н.Камаловтардың жетекшілігінде Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі 13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика және  – 13.00.08 – Кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі  мамандықтары бойынша педагогика ғылымдарының  докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі  Д 14.05.01 диссертациялық кеңесте «Болашақ кәсіптік оқыту мұғалімінің оқушыларды конструкторлық-технологиялық іс-әрекетке баулудағы кәсіби-педагогикалық іскерліктерінің жүйесін қалыптастыру» тақырыбында  кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 25 ғылыми-әдістемелік еңбек жазды: «Металл өңдеу практикумы», «Ағаш өңдеу практикумы», «Металлды механикалық жолмен өңдеу практикумы», «Оқу шеберханаларына арналған икемдеуші құралдар жинағы» атты оқу құралдарын авторлық бірлестікте шығарды. Кәсіптік оқыту мамандығына арналған  кәсіптендіру циклы бойынша авторлық бірлестікте 4 типтік оқу бағдарламасын шығаруға қатысты.   Кафедра қабырғасында құрылған «Темірші» атты студенттердің конструкторлы бюросының жетекшісі. Осы ұйымда студенттермен орындаған 20 икемдеуші құралдары енгізу актісін алып «Материалдарды өңдеудің практикумы» пәнінде қолданыс тапқан. Республикалық деңгейде өткен студенттердің дипломдық жұмыстарының байқауында Маханов Тұрсынханның жетекшілігімен орындалған ЕП-07-9к тобының студенті Пернебеков Бағланның «Орта буын оқушыларын ауылшаруашылық еңбегі сабағында көкөніс дақылдарын арнайы топырақта өсіруді жетілдіру жолдары» тақырыбындағы жұмысы 3-орынға ие болды.

Қазіргі таңда «Кәсіпке баулудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарады. Жаратылыстану-педагогикалық факультетінде және «Кәсіпке баулудың теориясы мен әдістемесі» кафедрасында кәсіптік бағдар жұмыстарына жауапты, факультет кеңесінің мүшесі.

Университетте «Материалдарды өңдеудің теориясы, станоктар және құрал-саймандар», «Материалдарды өңдеудің технологиясы», «Ауылшаруашылық техникасы», «Ауылшаруашылық еңбегінің негіздері», «Техника тарихы» пәндерін жүргізеді.