БОЗШАТАЕВА ГҮЛШАТ

БОЗШАТАЕВА ГҮЛШАТ

биология ғылымдарының кандидаты, доцент

 Бозшатаева Гүлшат Түгелбайқызы 1991 жылы  М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын  үздік дипломмен тәмамдағаннан соң, еңбек жолын Шымкент педагогикалық дене тәрбиесі институтының биология кафедрасының оқытушысы қызметінен бастаған.

1994-1997 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің микробиология кафедрасында аспирантураның күндізгі бөлімінде оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты.

1998 жылы б.ғ.д., профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі           М.Х. Шығаеваның  жетекшілігімен генетика мамандығы бойынша «Мутагенные эффекты гербицидов  триазинового ряда» тақырыбында  кандидаттық диссертация қорғады.

2005 жылы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен доцент ғылыми атағы берілді. Жалпы еңбек өтілі – 20 жыл.

  Осы жылдарда доцент Г.Т.Бозшатаеваның 60-тан астам ғылыми - әдістемелік еңбектері жарық көрді. Еңбектерінің ішінде кафедра доценті Г.С. Оспановамен бірлесе отырып жазған, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР жоғары оқу орындарының экономикалық мамандықтар бойынша ОӘБ және Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің Ғылыми кеңесі ұсынған «Экология» оқулығын және «Экологиядан оқу-әдістемелік құралын», «Экологиялық терминдердің орысша- қазақша түсіндірме сөздігін» атап өтуге болады. Аталған еңбектер республикада кеңінен қолданылуда. «Экология» оқулығы оқырмандардың қажеттілігін ескере отырып,  2002 жылы жарық көргеннен кейін, 2005, 2010 жылдарда қайта басылып шығарылса, ал   2011 жылы  кафедраның 20  жылдығына орай  қайта өңделген, толықтырылған нұсқада қайта жарық көрді.

 Г.Т.Бозшатаева экология, өсімдіктер физиологиясы пәндерінен жоғары әдістемелік деңгейде оқытудың жаңа технологиялары мен әдістерін қолдана отырып, дәрістер оқиды және зертханалық сабақтарды жүргізеді. 050607-Биология және 050113-Биология  мамандықтарына арналған өсімдіктер физиологиясы пәнінің оқу-әдістемелік кешені   орыс және қазақ тілдерінде  құрастырылып, оқу үдерісінде  қолданылуда.

2010 жылы «Үздік  дәріс» байқауына қатысып, мадақтама қағазымен марапатталды.

Г.Т.Бозшатаева М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде биологияны оқытудың теориясы мен әдістемесі кафедрасында 1997 жылдан еңбек етіп келеді.