МАДИЯРОВ НҰРЛЫБАЙ

МАДИЯРОВ НҰРЛЫБАЙ

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Мадияров Нұрлыбай Көкешұлы 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Абай орта мектебін күміс медальмен бітіріп, осы жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түскен. Оны 1992 жылы математика және информатика мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты.

1992-1994 жылдары Абай ауылында Абай орта мектебіне қарасты Қазығұрт бастауыш мектебінің меңгерушісі болып қызмет еткен. 1994 жылдан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, бөлім бастығы, оқу-әдістемелік басқарма директорының орынбасары, жаратылыстану-педагогика факультетінің деканы қызметтерін атқарып келеді.

Осы университеттің математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі кафедрасына педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рахымбек Досымханның жетекшілігімен ізденуші болып бекітіліп, 2004 жылы оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі (математика) мамандығы бойынша «Мақсатты таңдалған стереометриялық салу есептерін шығару негізінде оқушылардың кеңістіктік түсініктерін қалыптастыру» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің  2011 жылғы 4 мамырдағы шешімімен доцент ғылыми атағы берілген.

Н. Мадияровтың ғылыми жетекшілігімен 2 ізденуші кандидаттық диссертация қорғады. Ол – 50-ден аса ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Оның “Мемлекеттік стандарт. 030140-Математика мамандығына арналған” (2002), “Тригонометрия элементтерін оқыту әдістемесі” электрондық оқулығы (2008), “Геометриялық фигураларды кескіндеу” атты оқу құралы (2010), “Развитие пространственного воображения и расширение пространственных представлений учащихся 5-6 классов при обучений математике” (2010, Белгород, Ресей) атты еңбектері жарық көрген.