ЛЕУБАЕВА АҚМАРАЛ

ЛЕУБАЕВА АҚМАРАЛ

айтыскер ақын

филология ғылымдарының кандидаты

  Леубаева Ақмарал Пернебекқызы 1969 жылы Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1986 жылы Ақмешіт ауылындағы Қ.Спатаев атындағы орта мектепті бітіріп, сол ауылда механизатор болып жұмыс істейді.

  1987 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының филология  факультетіне түсіп, оны 1992 жылы үздік дипломмен бітіріп, осы оқу орнына осы оқу орнына оқытушылық қызметке қабылданды.

  А.Леубаева 1988 жылдан бастап өнер саласында, республикалық, облыстық, көлемде өтіп жатқан мәдени көпшілік іс-шараларға қатыса жүріп, өзінің талантымен жұртшылыққа таныла білді. Институт көлеміндегі іс-шараларға белсене араласқаны үшін бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталып, 1989-1990 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. Тұңғыш рет Ордабасы аудандық оқу бөліміне қарасты Бадам елді мекенінен аудандық ақындар мектеп-интернатын ашып, басшылық жасады.

1992 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтында оқытушы қызметін атқара жүріп, ғылыми жұмыстарымен айналысты, осы бағытта «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» атты кітабы жарық көрді. Облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, жұртшылыққа танылды.

2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармада бас маман, 2006-2007 жылдары ҚР Техникалық реттеу және метрология басқарамасы комитетінің ОҚО бойынша бас маманы қызметін атқарды. 2007 жылдың  желтоқсан айынан №33 «Ақбота» бөбекжай балабақшасының меңгеруші қызметін атқаруда. 

2001 жылы Елбасының «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы», 2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапатталған. 2006 жылдың наурызында өзі туып өскен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы атанды.

2007 жылы 26 сәуірде Алматы қаласы ҚАЗҰУ–де «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік тағылымдық мәні» деген тақырыпта кандидаттық дисертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.