ӨМІРЗАҚОВ САТТАР

ӨМІРЗАҚОВ САТТАР

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Өмірзақов Саттар Досалыұлы 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданы, Ақбастау елді мекенінде туылған. 1968 жылы Жаңабазар ауылдық округіндегі М.О.Әуезов атындағы мектептің табалдырығын аттайды. 1978 жылы А.М.Горький атындағы орта мектепті аяқтап, 1980 жылға дейін түрлі шаруашылық жұмыстарында қызмет істеген. 1980-1982 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болады. 1983-1987 жылдары түрлі шаруашылық жұмыстарында болады.

1987 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1992 жылы үздік дипломмен бітіреді. 1994-1997 жылдары осы институттың аспирантурасын қазақ әдебиеті мамандығы бойынша күндізгі бөлімін бітіреді.

1992-2002 жылдары Шымкент педагогика институтының қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, Қазақ-араб институтында кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. 2002-2004 жылдары М.Х.Дулати атындағы ТарМУ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасында аға оқытушы, доцент 2004-2006 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, 2006-2009 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтының доценті қызметтерін атқарады.

2009 жылдан бастап М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының және «Қазығұрт» ҒЗО ЖШС директоры. Зерттеу бағыты: Оңтүстік өлкесінің әдебиет тарихы. Түлкібас ауданында өмір сүрген бұрынғы Түркістан өлкесінің атақты ақыны Мәди Меркішұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, жүйеге түсіріп, 2002 жылы «Мәди Меркішұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Бірнеше жылдан бері ХІХ ғасырдағы «Қоқан хандығы дәуіріндегі қазақ әдебиеті» тақырыбын зерттеп келеді. Осы тақырыпта 46 ғылыми мақаласы жарық көрді. Ол өлкеміздегі қоғамдық-саяси мәселелерге де араласып, баспасөз беттерінде, теледидарда, радиода бірнеше хабарлар жасады. Оның 90-нан астам публицистикалық мақалалары республикалық, облыстық газеттерде жарияланды. Осының нәтижесінде ол 2010 жылы ҚР Журналистер одағының мүшесі болып сайланды.  1 оқу құралы, 14 көмекші оқу құралдары жарық көрген.

Ол өлкеміздің тарихи, рухани мұраларын жинастырып, жариялау бағытында да облыс әкімі мен облыстық мәслихат шешімімен құрылған «ОҚО тарихи, рухани мұраларына арналған көптомдықдың» жауапты редакторы ретінде де күрделі әрі қиын жұмыстарды басқарып келеді. Бүгінде бұл көптомдықтың 130 томы жарық көрді.

Облысымыздағы соғыс ардагерлері мен ауған соғысы ардагерлеріне тигізген қолқабысы мен қызметі үшін Ауғанстан ардагерлер ұйымының «қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың қолынан 2012 жылы «қайырымдылығы үшін «сауап» медалімен марапатталған.