ЖОРАБАЕВА АЛТЫНАЙ

ЖОРАБАЕВА АЛТЫНАЙ

ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері

 Жорабаева Алтынай Құлажанқызы 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Бейнеткеш ауылында дүниеге келді. 1999 жылы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ШИ-ді бітірді. А.Жорабаева 1997 жылы облыстық «Арай» байқауында жүлдегер, республикалық «Жас қанат-97» байқауында дипломант атанды. 2001 жылы Алматыдағы ХІІ Халықаралық «Азия даусы» байқауында, 2004 жылы Болгарияның Варна қаласындағы ХІІ Халықаралық «Discovery» байқауында, 2005 жылы Мысырдың Каир қаласындағы ІІ Халықаралық «Александрия» ән байқауында лауреат болды. 2003 жылы Белоруссияда ХІІ Халықаралық «Славян базары» байқауында дипломант, 2004 жылы Латвияның Юрмала қаласында V Халықаралық «Янтарь жұлдызы» байқауында бас жүлде (Гран-При) және 2005 жылы АҚШ-тағы Голливудта өткен орындаушылық шеберліктің әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс медалін иеленді.

А.Қ. Жорабаева 2004 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, 2008 жылы Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы атағын алған. Алғашқы аудио альбомы 2002 жылы «Арманыма ғашықпын» деген атпен шыққан.  «Өмір-өзен» атты жеке концерті 2004 жылы «Қазығұрт» өнер орталығының ұйымдастыруымен Алматыдағы Республика сарайында өтті. «Жүрші сәулем ауылға», «Елімнің жүрегі – Астана» деген үнтаспа альбомдарымен «Өмір өзен» атты бейнетаспа альбомы жарыққа шықты. Қазір Астана филармониясында қызмет атқарады.