ЖАППАРҚҰЛОВА АНАР

ЖАППАРҚҰЛОВА АНАР

филология ғылымдарының кандидаты айтыскер ақын 

 Жаппарқұлова Анар Әбусайылқызы 1977 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтының филология факультетін бітірді. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап аудандық, облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып келеді. 1992-1994 жылдары аралығында халық ақыны Әселхан Қалыбекова жүргізген ақындар мектебінен тәлім алған.  Ол І.Жансүгіровтің 90 жылдығына, Қырғызстанда өткізілген Манас батыр дастанының 1000 жылдығына, Алпамыс батыр дастанының 1000 жылдығына, Оралхан Бөкейдің 60 жылдығына орай өткізілген республикалық, халықаралық айтыстардың бас жүлдегері болды. С.Ерубаевтың 80 жылдығына, Н.Оңдасыновтың 90 жылдығына, Молда Мұса Байзақұлының 150 жылдығына, Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына т.б. арналған айтыстардың жүлдегері.

«1999 жылдың ең үздік ақыны» атанып, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Облыс әкімі тағайындаған «Зерде» стипендиясының иегері. 1998 жылдан бастап Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтында, Академиялық инновациялық университетінде қызмет істеді, қазір Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтта қазақ тілі және қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушылық  қызмет атқарып келді. 2011 жылдан бері ОҚМПИ қазақ тілі және қазақ әдебиет кафедрасында аға оқытушы болып қызмет етеді.

2000 жылдан Майлықожа шығармашылығы бойынша ғылыми жұмыспен айналысып, 2010 жылы ф.ғ.д., профессор Р.Бердібаевтың жетекшілігімен ҚР ҒА әдебиет және өнер институтының диссертациялық кеңесінде «Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылық мұрасы»  деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми тақырыбына байланысты республикалық конференцияларда «Майлықожаның айтыстары», «Майлы шығармаларындағы әлеуметтік мәселелер», «Майлы шығармаларындағы сопылық сарынның көрінісі» атты тақырыптарда баяндама жасаған. Республикалық басылымдарда бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрген.