КҮМІСБЕКОВА ДИНАРА

КҮМІСБЕКОВА ДИНАРА

тарих ғылымдарының кандидаты

Күмісбекова Динара Аманқұлқызы 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Тоғыс бекетінде дүниеге келген.

1988 жылы Шымкент қаласындағы№24 орта мектепті бітіріп,  осы жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих және педагогика факультетіне оқуға түсті. 1993 жылы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шымкент бөлімін тарих және педагогика мамандығы бойынша  үздік дипломмен бітірді.

Еңбек жолын 1993 жылы Қазақ-химия технологиялық институтының Қазақстан тарихы және саясаттану кафедрасының оқытушысы қызметінен бастады. 1996-1999 жылдары М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың аспирантурасында оқыды. 1999-2001 жылдары “ҚАЗақпарат” баспа корпорациясының вице-президенті қызметін атқарды. 2001-2004 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы қызметінде болды. 2004-2007 жылдары М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Шымкент филиалының жалпы білім беру пәндері кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. 2007-2008 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтының бүкіләлем тарихы кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды.

Д.А.Күмісбекова 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Д14А.01.26 диссертациялық кеңесінде 07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша “Қазақ Орталық Атқару комитетінің кеңестік тоталитарлық мемлекеттік жүйенің қалыптасуы жылдарындағы қызметі (1920-1938 жж.)”  деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

2008-2009 жылдары Алматы қаласында “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, 2009-2011 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институты мен Академиялық инновациялық университеттің Қазақстан және әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Д.А.Күмісбекованың 4 оқу құралы, бірнеше оқу-әдістемелік құралдары мен нұсқаулары және 40-тан астам ғылыми  мақалалары жарық көрген. Ол 2008 жылы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттік контингентін қалыптастырудағы белсенділігі үшін Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының алғыс хатымен марапатталған. Республикалық пәндік олимпиадаға қатысушы студенттік командаларды ұйымдастырудағы еңбегі үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталған.

Білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне орай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының алғыс хатымен және Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының грамотасымен марапатталған. 

Д.Күмісбекова 2011-2012 оқу жылынан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан және әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда.