САПАРБАЕВА ҚАРЛЫҒАШ

САПАРБАЕВА ҚАРЛЫҒАШ

филология ғылымдарының кандидаты

Сапарбаева Қарлығаш Жылқыбайқызы 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. 1984 жылы аудан орталығындағы №4 мектеп-интернаттың 1-сыныбына қабылданып, 1994 жылы «Қоғам» орта мектебін үздік аттестатпен бітіріп шығады. Осы жылы Шымкент қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент филиалының филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курсына қабылданады. 1998 жылы аталған жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, Оңтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі және түрік тілі кафедрасына лаборант және оқытушы, 2001 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтының қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушы болып қызметке қабылданған. 2005-2011 оқу жылдары аралығында Филология факультеті деканының орынбасары қызметін атқарды.

2009 жылы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 диссертациялық кеңесте филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Сәрсенұлы Ергөбектің жетекшілігімен 10.01.02 – Қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «1950-1970 жылдардағы қазақ балалар әдебиетіндегі көркемдік ізденістер (Әнуарбек Дүйсенбиевтің әдеби мұрасы негізінде)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.

2011-2012 оқу жылында қайта ашылып, қалпына келтірілген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы қызметінде болды. Қазір институттың филология факультетінің деканы. Қ.Сапарбаева 26 ғылыми мақаланың авторы, институт, қала, облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шараларға белсене атсалысып, студенттерді дайындайды. «Халық ауыз әдебиеті», «Балалар әдебиеті», «Тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Әдеби шығармашылық» пәндерінен дәріс жүргізеді.