ЕСЖАНОВА МАРЖАН

ЕСЖАНОВА МАРЖАН

айтыскер ақын

Есжанова Маржан 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келді. 1995 жылы ХҚТУ Шымкент институтының филология факультетін бітірген. Мектеп қабырғасында жүргенде алғаш рет аудандық оқушылар айтысына қатысып, бас жүлдені иеленген. 1989 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық айтыстарға қатысқан.

Еңбек жолын М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасында лаборант болып бастады. 1990 жылы студенттердің облыстық айтысында бас бәйгені жеңіп алды. М.Мақатаевтың 60 жылдығы, Н.Оңдасыновтың 90 жылдығы, Молда Мұсаның 150 жылдығы, Райымбек батырдың 300 жылдығы т.б. республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленді. 2005 жылы Байқоңыр қаласында өткен “Ұшқыр ойлар” атты республикалық айтыста бас жүлдені жеңіп алған. 2006 жылы ақпан айында Ақтау қаласында өткен “Асқарға баста - Ақорда” атты республикалық айтыста бас бәйгені иеленген. 2006 жылы қазан айының 27-28 жұлдызында Жамбыл облысының  Мойынқұм ауданында өткен Ж.Қуанышбаевтың 110 жылдығы мен желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған халықаралық айтыста жүлделі 1-орынды жеңіп алған.

М.Есжанова 1997 жылдан бастап «Қазақ поэзиясындағы желтоқсан оқиғасының көрінісі» атты ғылыми жұмыспен айналысып келеді. Ғылыми жұмысына қатысты халықаралық конференцияларда, республикалық ғылыми басылымдарда бірнеше мақалалары шыққан. 2006 жылы облыс әкімінің шешімімен «Жылдың ең үздік ақыны» атанды. 2007 жылы бастап дарынды балаларға арналған Б.Өтеп атындағы «Өнер» мектеп-интернатының директоры қызметін атқаруда.

2007 жылы облыстық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталған. 2009 ж. І,ІІ том «Айтыс» жинағының І, ІІ томының авторларының бірі. 2011 жылдан бастап М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің магистранты.