АНАРБАЕВ ҚАЙРАТ

АНАРБАЕВ ҚАЙРАТ

тарих ғылымдарының кандидаты

Анарбаев Қайрат Сапарханұлы 1968 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.

1975 жылы Атбұлақ орта мектебінің табалдырығын аттап, аталған мектепті 1985 жылы аяқтады. 1985-1987 жылдары Қазығұрт ауданы Күйік асылтұқымды қой заводының шопаны болып еңбек етті. 1987-1989 Кеңес армиясы қатарында борышын өтеген.

1989 жылы М.О. Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, 1994 жылы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімшесін (бүгінгі ОҚМПИ) үздік дипломмен бітірген. 1994-1995 оқу жылдарында аталған ЖОО оқытушы болып қызмет етті. Кейінгі уақыттардан бүгінгі күнге дейін бұрынғы Шығыстану, қазіргі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде қызмет жасап келеді. Қатардағы оқытушыдан бастап, кафедра меңгерушісі, бөлім басшысы, ЖОО жастар комитеті төрағасы, ОҚПУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда аталған ЖОО-ның «Қазақтану» этно-педагогикалық ғылыми зерттеу және білім беру орталығының директоры.

Қ.С.Анарбаев 1999-2009 жылдар арасында Отандық тарих ғылымында тұңғыш рет ортағасырлық жазба ескерткіш - «Кодекс Куманикусты» деректанулық тұрғыдан ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастырып (ғылыми жетекшісі: ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Б.Е. Көмеков), «Ортағасырлық құман-қыпшақтар тарихының мәселелері («Кодекс Куманикус» материалдары бойынша) атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін қорғады (2009 ж.). Қырықтан аса ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары мен Дінтану негіздері пәні бойынша жалпы орта мектеп ұстаздарына арналған көмекші оқу құралы жарияланған.

ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұсынылған «9-11 ғғ. араб-парсы және түркі деректеріндегі көшпелілер өркениеті» (2009-2011жж.) және «Кодекс Куманикус» - тарихи-мәдени ескерткіш ретінде» (2012-2014 жж. арналған) атты ғылыми жобаларға орындаушы ретінде қатысып келеді. ОҚО әкімдігі жанынан құрылған лекторлар тобы мүшесі. ОҚО Ішкі саясат бөліміне қарасты әлеуметтік бастамалар бөлімінің жанынан құрылған діни әдебиеттерді сараптау комиссиясының мүшесі.