ТҰРСЫН  ХАЗРЕТӘЛІ

ТҰРСЫН  ХАЗРЕТӘЛІ

тарих ғылымдарының докторы

Тұрсын Хазретәлі Маханұлы 1960 жылы Тәжікстан республикасы Қорғантөбе облысы, Пархар ауданында дүниеге келген. 1967-1977 жылдары Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Красная звезда ауылындағы №52 орта мектепте оқып, еңбек  жолын жұмысшы болып бастаған.

1978-1983 жылдары Шымкент педагогика институтының тарих факультетінде оқып, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі, тәрбие ісінің методисі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Институт қабырғасында жүріп Сыр әдеби бірлестігіне басшылық жасаған. 1983-1991 жылдары Жаңақорған ауданындағы орта мектептерде, аудандық комсомол комитетінде, Білім қоғамы аудандық бөлімшесінде, аудандық партия комитетінде, Қазақ тілі қоғамы аудандық бөлімшесінде қызмет істеді. 1992-1994 жылдары №52 Красная звезда орта мектебінде директор, 1994-1996 жылдары Жаңақорған ауданы әкімшілігі Тіл басқармасының бастығы, 1996-2000 жылдары №86 Шалқия орта мектебінің директоры қызметтерін атқарды. 1994-1999 жылдары Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты.

2001 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, 2002 жылы қыркүйегінен осы кезге дейін Қазақстан тарихы кафедрасының доценті. 2005-2006 жылдары аға ғылыми қызметкер болып ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысты. 2007 жылы Түркістан қаласы Әкімінің Жылдың үздік ғалымы номинациясы бойынша марапатталған.

Х.Тұрсын ғылыми ізденіс жұмыстарына студенттік жылдарынан араласты. Оның осы салаға қызығушылығына Шымкент педагогика институтының ғалымдары Р.Бекназаров, М.Ауанасовтардың және ұстаздары К.Нұрпейіс, М.Х.Асылбеков, Е.Б.Сыдықов, Х.М.Әбжанов, Қ.Алдажұмановтардың ықпалымен ұлт тарихының дамуын ұлттық мүддемен байланыстырған алаштанушы болып қалыптасты. Осы кезге дейінгі аралықта оның қаламынан туған тарих, этнология саласында монография, оқулықтармен бірге 200-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік және әдеби мақалалары, «Құрбан ата тағлымы» (1993), «Бегайдар Жантөреұлы Аралбаев» (1996), «Билердің соңғы тұяғы» (2010) кітаптары жарық көрді.        

Х.Тұрсұн ҰҒА академигі, профессор Кеңес Нұрпейістің жетекшілігімен 2001 жылы 21 қыркүйегінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы Диссертациялық кеңесте «Түркістан (Қоқан) автономиясының құрылуы мен күйреуі (1917-1918)» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Түркістан мұхтарияты» (2006) атты монографиясы жарық көрді. К.Нұрпейістің кеңесшілігімен 2007 жылы 27 қыркүйегінде «Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы (1900-1924)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2010 жылы 23 қыркүйегінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жанындағы Диссертациялық кеңесте т.ғ.д., профессор Е.Б.Сыдықовтың ғылыми кеңесшілігімен «Түркістанның этносаяси үдерістеріндегі ұлттық элита қызметінің тарихы (ХХ ғасырдың алғашқы ширегі)» тақырыбында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қайта қорғады.

Х.Тұрсын Алматы, Мәскеу, Ташкент қалалары мұрағаттарының Алаш және Түркістан ұлт-азаттық қозғалыстарының қайраткерлері және олардың тарихи қызметтеріне қатысты көптеген деректік құжаттарын ғылыми айналымға ұсынды. Түркістан ұлттық элитасының Қ.Ибрагимов, С.Өтегенов, С.Алдабергенов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, И.Тоқтыбаев, Б.Аралбаев, Н.Сатығұлов, Ә.Оразаев сияқты қайраткерлерін тұлғаландырды. М.Шоқай, С.Лапин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, М.Дулатов, М.Жұмабаевтардың ғылыми өмірбаянын тың деректермен толықтырып, олардың қоғамдық-саяси қызметіне ұлттық мүддеге қатыстылығына қарай бағалаған жаңа көзқарас орнықтырды. Оның «Тарихи шындық ешкімнің меншігі емес», «Мекемтас ағаға хат немесе ұлттық элита рухсыздығының түп-тамыры қайда?», «Ақ жол» газетін жапқан кім, жапқызған кім?», «Ақ жол» газеті және Т. Рысқұлов», «Алаштың ақиқатын қашан айтамыз, қалай айтамыз?» (2008 ж.) атты мақалаларында, «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты жинағында (2011 ж.) отан тарихының мазмұнын ұлттық мүддеге сай толықтыру және жаңалаудың әдіснамасын негіздеген ғылыми тұжырымдары баяндалды. 

Х.Тұрсын алғашқылардың бірі болып отандық тарих ғылымының мәселелерін элиталық көзқарас тұрғысында қарастырудың теориялық-әдіснамалық тәсілін және Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты жөнінде ғылыми тұжырымдамасын негіздеді. Бұл жаңалықтар Алаш қозғалысының тарихнамасына елеулі үлес болып қосылды. Ғылыми-педагогикалық қызметі барысында дайындаған «Мектепте тарихты оқыту әдістемесі» (2004, 2010) оқу құралы республиканың жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Тарихи таным мен тарихи сана қалыптастыру тақырыбындағы әдістемелік мақалалары республикалық басылымдарда жарық көрген.