НИЯЗОВ АЙДАР

НИЯЗОВ АЙДАР

өнертану ғылымдарының докторы, доцент

 Ниязов Айдар Қамбарұлы 1960 жылы Шымкент қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген.

Ол 1977 жылы Н.Островский атындағы №4 орта мектепті бітірді. Сол жылы  Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет және графика факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы сурет және сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша жақсы бітіріп шықты.

Еңбек жолын жоғары оқу орнының жолдамасымен 1981 жылы В.И.Ленин атындағы Москва мемлекеттік педагогикалық институтының өнер тарихы кафедрасында машықтанушы-ізденуші болып бастады. 1983-1986 жылдары  аталған оқу орнында аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыды. 1986 жылы аспирантураны тәмамдап, өнертану ғылымының кандидаты  ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

1986 жылы туған қаласына қайта оралып, Шымкент педагогикалық институтында кескіндеме кафедрасында оқытушы қызметін атқарды. 1989 жылы сурет кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1994-2004 жылдары  А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент бөлімшесінде өнер факультетінің деканы қызметін атқарды.

2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды.

2010 жылдан бастап Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінің директоры қызметін атқарып келеді.

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, №5 сайлау округі бойынша 5-шақырылымның Шымкент қалалық маслихатының депутаты.

А.Ниязов 2011 жылы  Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының өнертану институтында өнертану ғылымының докторы  ғылыми дәрежесі үшін диссертация қорғады.

2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ғылыми-педагогикалық жұмысын   негізгі қызметімен қатар бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының доценті ретінде атқарып жүр.

А.Ниязов М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да ұзақ жылдар бойы өнер мен мәдениет саласында мінсіз атқарған еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталды.

Ол – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының толық мүшесі, академик, Қазақстан Республикасы суретшілер Одағының мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облысы суретші-оқытушылар Одағының мүшесі.