САПАРБАЕВ БАҚЫТ

САПАРБАЕВ БАҚЫТ

тарих ғылымдарының докторы

Сапарбаев Бақыт Қойшыбайұлы 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында дүниеге келген. 1973 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Шымкент педагогикалық институтына  оқуға түседі. Институтты 1978 жылы бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Өзіне тән іскерлікпен игі іс-шараларға жастарды жұмылдыра алу сынды қабілеті арқылы танылған Бақыт Қойшыбайұлы 1979-1980 оқу жылында Шымкент автомеханикалық техникумға комсомол ұйымының хатшысы болып сайланып, еңбек жолын бастады. 1980 жылы педагогикалық қызметке ауыстырылып, 1982-1984 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының КСРО тарихы кафедрасында ізденуші болып жұмыс істеді. 1985 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясына қарасты Ғалымдар Үйінің ғылыми-насихат бөлімі меңгерушісі болып тағайындалды. 1987 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқытушы қызметіне қабылданып, білімі мен жігерін жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеп, рухани өсуіне арнаған ол аталған оқу орнында декан, проректор қызметтерін абыроймен атқарды. Осындай басшылық қызметтерде ол оқу жұмысын жоғары оқу орнының талаптарына сәйкес жүргізуге, материалдық-техникалық базасының қалыптасуына, пәндерді оқытудың жаңа әдістерін енгізуге, студенттердің пәндерді толық меңгеруіне ерекше көңіл бөлді. Студент-жастардың танымдық қабілетін қалыптастыруға, болашақ мамандарды азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеуге атсалысты. 1988 жылы «Қазақстанның машина жасау өнеркәсібінің дамуы және ондағы жұмысшы мамандарының өсуі (1917-1975 жж.)» деген тақырыпта диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді.

2001-2003 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында экономика және құқық факультетінің деканы, 2003-2008 жылдары аталған оқу орнының Бүкіләлем тарихы кафедрасының аға оқытушысы ретінде пәндер бойынша дәріс беру сапасын көтеру мен оқу үдерісін жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізді.

2008 жылдың тамыз айынан бері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Кафедра жетекшісі ретінде Б.Қ. Сапарбаев оқытудың сапасын арттырып, пәнді оқытудың инновациялық деңгейін көтеріп, елеулі жетістіктерге жетті. Кафедраның ғылыми бағытында зерттеуші-ғалымдарды даярлап, ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосты. 

Педагог-ғалым Б.Қ.Сапарбаев 2010 жылы қараша айында «XX ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасыр басындағы Қазақстанның индустриялық дамуының тарихы (тарихи-модернизациялық аспектілері)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады. Бүгінгі күні ғалым 70-тен астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалар мен еңбектердің авторы. Оның авторлығымен «1959-1970 жылдардағы Қазақстанның өнеркәсіп жұмысшылары (әлеуметтік-демографиялық аспектілері)» және «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» атты монографиялары жарық көрді.