ҚОНАҚБАЕВ СЕЙДАХМЕТ

ҚОНАҚБАЕВ СЕЙДАХМЕТ

 тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Қонақбаев Сейдахмет Нартайұлы 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында, Коммунизм елді мекенінде дүниеге келген. Жетіжылдықты сол ауылдың Коммунизм мектебінде оқып бітіргеннен кейін, оқуын Шымкент қаласындағы №7 Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепте жалғастырып, оны 1958 жылы бітірді. 1965 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих және филология факультетін бітірді. 1965-1966 оқу жылында қаладағы №32 мектепте тарих, дене шынықтыру пәндерінен дәріс берді. 1966 жылы Шымкент педагогикалық институтына шақырылып, бокстан жаттықтырушы қызметін атқарды және тарих пәндерінен сабақ берді. 1970 жылы Алматы дене тәрбиесі институтын сырттай оқып бітірді.

1975 жылы Қазақ мемлекеттік университеті аспирантурасын бітіріп, Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих-этнография институтында Қазақстан тарихынан диссертация қорғады. 50-ден астам ғылыми еңбектері, екі монографиясы жарық көрді. 1955 жылдан спортпен шұғылданып, Шымкент педагогикалық институтында оқып жүргенде көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, спорттың екі түрінен (бокс, самбо) КСРО спорт шебері. Ал қазақша күрестен ҚР спорт шебері.                                          

1964 жылы қазақша күрестен Темірлан ауылында бірінші рет Қазақстан біріншілігінде «түйе палуан» атанып, бас жүлдені иеленді. Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың жұбайы Мінай апа алғыс білдіріп, «Урал» мотоциклін сыйға тартты.

С.Н.Қонақбаев бокстан және күрестен Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Бокстан 1964 жылы Ташкент қаласында өткен КСРО-ның аймақаралық біріншілігінің қола жүлдегері. Оңтүстік Қазақстан облысының қазақша күрестен 10 дүркін абсолютті жеңімпазы.

С.Н.Қонақбаев Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. Қазіргі кезде Оңтүстік Қазақстан облысы Бокс федерациясының атқарушы директоры, вице-президенті болып қызмет етуде. Қазақстан боксшыларының олимпиада ойындарында, дүниежүзілік біріншіліктерде жүлделі орын алуларына сүбелі үлес қосуда. 1960-1998 жылдарда білімнің қара шаңырағы Шымкент педагогикалық институтында, 1998-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында, казіргі таңда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде саясаттану-әлеуметтану кафедрасының профессоры қызметін атқаруда.