ӘБІЛДА  АЙМАҚ

ӘБІЛДА  АЙМАҚ

Қазақстан жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің төрағасы,  Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері, белгілі ақын

Әбілда Аймақ 1954 жылы Ордабасы ауданы, Қажымұқан атындағы кеңшардың Коммунизм бөлімшесінде дүниеге келді. Коммунизм сегізжылдық мектебін бітіріп, орта мектепті сырттай аяқтаған. Еңбекке 16 жасынан араласқан ол 1969 жылдан 1981 жылға дейін сушы, тракторшы, шопан мамандықтары бойынша жұмыс істеп, кейін аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі қызметтерінде болды. 1981-1990 жылдары Шымкенттегі «Шымкентқұрылыс» тресіне қарасты мекемелерде тас қалаушы болып жұмыс істеді.

 Ә.Аймақ 1990 жылы Қазақстан жазушылар одағының облысаралық бөлімшесіне қызметке келді. 1993 жылдан осы бөлімшенің төрағасы, 2001 жылдан жазушылар одағы облыстық филиалының директоры. Шымкент педагогика институтының филология факультетін сырттай бітірген. 1989-1992 жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға араласты.

Ә.Аймақтың шығармашылық жолы 1972 жылдан басталды. 1983 жылы Республика жас жазушыларының кеңесіне қатысады. 1984 жылы жас ақындардың дәстүрлі жыр жинағы «Қарлығашқа» бір топ өлеңдері енеді. Оның шығармалары «Мерейлі мекен», «Мүшайра-92» жыр жинақтары арқылы оқырмандарға таныла бастайды. Ақынның «Ләйла», «Домалақ ана» кесенесі, «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік», «Түркістан», «Билік биігінде», «Ақ жол», «Талбесік» атты кітаптары бар.

Ә.Аймақ көптеген әндердің сөзін жазған. Ақын 1992 жылғы облыстық «Мүшайраның» жеңімпазы, 1993 жылғы Алматыда өткен республикалық жабық жыр конкурсының бас жүлдегері болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Грамотасымен марапатталған. Соңғы жылдары Әбілда Аймақтың екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. 2004 жылы Түркия Республикасы мәдениет және туризм Министрлігінің ұйымдастырумен «Түрік әлемінің жаңғырығы» атты Халықаралық ақындар жарысында 84 шығарманың ішінде 1-орын алып, Халықаралық Физули атындағы сыйлықты иеленді. Сондай-ақ Ә.Аймақ Қ.Қазиев атындағы республикалық сыйлықтың иегері.