ШАХАНОВ МҰХТАР

ШАХАНОВ МҰХТАР

Қазақстан Республикасының  халық жазушысы, ақын,қоғам қайраткері

Шаханов Мұхтар 1942 жылы Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Шымкент педагогикалық институты филология факультетін бітірген.

Әкесінен 9 жасында айрылған М.Шаханов 7 сыныпты бітірісімен еңбекке ерте араласты. Ол трактордың тіркеушісі, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің корректоры, әдеби қызметкері, «Лениншіл жас» газетінің оңтүстік облыстар бойынша тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық «Жалын» журналының бас редакторы, т.б. қызметтерді атқарды. М.Шаханов ҚСРО Халық депутаты, ҚСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының Халық  депутаты болып сайланды. 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасын-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін абыроймен атқарды, сонымен қатар әлем ойшылдарының басын біріктіретін «ХІХ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті болды.

М.Шаханов қоғам қайраткері ретінде 1986 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет тоталитарлық жүйеге ұйымдасқан түрде ашық қарсы шыққан қазақ жастарын ақтап алуда, ол өз басына төнген қауіпке қарамай ерлікке барабар іс атқарды. Үлкен апат аймағына айналған Арал теңізі маңындағы адамдарды қорғау  туралы әлемдік  деңгейде дабыл қақты. 1988 жылы 62 жыл үзілістен соң Қазақстанда және Орта Азияда «Наурыз» мерекесінің қайта тойлануына мұрындық болды.

М.Шаханов – Қырғыз Республикасының халық ақыны, Қазақстан  Республикасының халық жазушысы, халықаралық Калифорния Ғылым академиясының академигі, т.б. шет елдік және отандық академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түркі Республикасының «Түрік дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының және  Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», «Түгелбай ата»  қоғамы сыйлықтарының лауреаты. Гуманистік бағыттағы поэзиялық шығармалары үшін 1997 жылы ЮНЕСКО-ның «Боорукер клубы» сыйлығы беріліп, Орталық Азиядағы ең мейірбан адам деп танылды. 2000 жылы М.Шахановқа Қазақстан меценаттарының тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы тапсырылды және Бішкек қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

М.Шаханов публицист, драматург, композитор ретінде де кеңінен танымал. Оның Ш.Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы, «Сократты ескерту түні немесе миғұла терісі үстіндегі сот» атты драмасы көп тілдерге аударылып, өз республикамызда және шет ел сахналарында қойылды.

Кезінде Ф.Хитцер «Европа үстіндегі найзағай» деп атаған, дүние жүзінің көптеген тілдерінде  жарық көрген М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы» атты поэмасы  әлемдік поэзиядағы жаңа құбылыс деп бағаланды. 1999 жылы ЮНЕСКО  өзінің арнайы шешімімен Парижде өз штаб-үйінде поэманың тұсаукесерін өткізіп, ХХ ғасырдың гуманистік рухтағы айшықты ірі туындысы деп атады. М.Шахановтың Отырар қаһармандығын жырлаған «Жазагер жады космоформуласы» атты жаңа романы да әлем оқырмандарының қызу пікір таласын тудырды. Бұл шығарманың  «Шыңғысханның пенделік құпиясы» атты драмалық бөлімі Азия мен Европаның бірнеше театрларында қойылды.

Көрнекті қазақ ақыны М.Шахановтың шығармалары дүние жүзінің 30-дан астам тілдеріне аударылған. Ақынның поэзия  кештері Мәскеуде, Стокгольмде (Швеция), Глазгода, Эдинбургте (Шотландия), Ренеде (Франция), Кобэде (Жапония), Берлинде, Дрезденде, Кельнде (Германия), Исламабадта (Пакистан) т.б. елдерде өтті.