САПАРБАЕВ ИСРАИЛ

САПАРБАЕВ ИСРАИЛ

Қазақтың көрнекті ақыны,

Шымкент қаласының құрметті азаматы

Сапарбаев Исраил 1942 жылы Өзбекстанда, Самарқанд облысы, Қошрабат елді мекенінде дүниеге келген. 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

1969-1973 жылдары Облыстық мәдениет басқармасында, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әр алуан қызметтер атқарды.

1973-1975 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика  бөлімін  бітіріп, 1975-1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әр түрлі қызметтерде болады. 1983-1984 жылдары «Жалын», «Жазушы» баспаларында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, 1984-1996 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды.1997-1998 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша департаментінің  1-хатшысы, 1998-1999 жылдары ҚР Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде 2-хатшы болып істеді.

И.Сапарбаевтың алғашқы бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» атты ұжымдық жинақта жарық көрген. Кейінірек «Аққу арман», «Бозқараған», «Раушанғұмыр», «Қызыл-жасыл дүние», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Гүласыл», «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ» атты өлең кітаптары жарық көрді. И.Сапарбаев драматургия саласында да қалам тартқан. Оның «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Көзімнің қарасы», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» атты пьесалары көптеген театрларда қойылды. Ақын 70-ке тарта ән мен 150-ден аса ән мәтіндерінің авторы.

И.Сапарбаев Қазақстан Жазушылар  одағы І.Жансүгіров атындағы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Түркі поэзиясы Халықаралық фестивалының лауреаты, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері.