АЯШЕВ ОҢАЛБАЙ

АЯШЕВ ОҢАЛБАЙ

педагогика  ғылымдарының  докторы,  профессор (2011 жылдың 30 маусымнан)

Аяшев Оңалбай Аяшұлы 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында  дүниеге келді. 1967 жылы  Қапланбек зоовет техникумын, 1971 жылы Шымкент педагогикалық институтын үздік дипломмен бітірген. 1971 жылдан Шымкент педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан,  проректор қызметтерін атқарған.

1983 жылы Мәскеуде аспирантураны бітіріп, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаса, 1991 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогика институтының докторантурасын бітіріп, «Болашақ мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін қалыптастыру» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

Аяшев Оңалбай 1992-1996 жылдары Шымкент педагогика институтының, кейіннен Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімі оқу-тәрбие жұмыстарының проректоры, вице-президентінің бірінші орынбасары, М.О.Әуезов атындағы педагогика институтының директоры қызметтерін атқарды.

1996-2000 жылдары ХҚТУ Жетісай бөлімшесінің директоры, мемлекеттік емес “Сырдария” жоғары колледжінің ректоры болды. 2000-2004 жылдары  “Сырдария” университетінің Президенті қызметін атқарды.

2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламентінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ  «СК Астана» бірлескен қорының Бас директорының орынбасары болып істеді.

О.Аяшев 2011 жылдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының  ректоры.

Ол көптеген ғылым кандидаттарын және ғылым докторларын дайындады. 110 ғылыми мақаланың авторы, оның ішінде монография және оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. «Президенттің назары» (2008ж.), «Елбасы» (2010 ж.), «Тәуелсіздік» 2011ж.) және «Елбасы сүйген Оңтүстік» (2011ж.) кітаптарының авторы.

О. Аяшев – Халықаралық педагогика ғылымдарының, Еуразия экономика ғылымдары академиясының толық мүшесі, Лондон университеті Кингс колледжінің және Мәскеу Мемлекеттік педагогикалық Университетінің тұрақты лекторы және ҚР туризм және спорт академиясының Құрметті профессоры. ОБСЕ Азия бөлімінің білімді тұрақты дамыту комиссиясының  төрағасы болды. Қазақстан Республикасының білім озаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері. О.Аяшев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, Қазақстан Конституциясына 10 жыл, Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл мерекелік медальдармен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бірнеше рет «Алғыс хатымен» марапатталған. Мақтарал ауданының Құрметті азаматы, классикалық күрестен КСРО спорт шебері, Қазақстан спортына еңбегі сіңген қайраткер. Оңтүстік Қазақстан облысының 2003 жылғы Ең үздік ғалымы.