Әкім Айтаханов жастармен кездесті

13.11.19

Шымкент қаласының әкімі Ерлан АЙТАХАНОВ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне арнайы ат басын бұрып, студент жастармен кездесті.

Алдымен оқу ордасындағы археологиялық көрмені тамашалаған шаһар басшысы, бұдан соң Назарбаев орталығын да аралап көрді. Университет ректоры Анар Қайырбекова қала әкімін «100 жаңа оқулық» коворкинг орталығының жұмысымен таныстырып, ондағы 10 жаңа оқулық туралы бейнероликті көрсетті.

«Қазір жоғары оқу орындары гуманитарлық ғылымдар бойынша қазақ тіліне аударылған әлемнің озық оқулықтарын ала бастады. Соның арқасында жастар әлемдік ғылыми еңбектерді оқуға мүмкіндік алды. Ғылыми қауымдастықтың қолдауына ие болған оқулықтардың бейне таныстырылымы Тұңғыш президенттің қатысуымен өтті», - деді Анар Қайырбекова.

Әкім сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ІТ сыныптардағы дәріске де қатысты. Студенттермен кездесуде ол биылғы «Жастар жылына» орай шаһарда өткізіліп жатқан түрлі шаралар мен жастардың жүзеге асқан жобалары жайлы баяндады. 2020 жыл елімізде «Еріктілер жылы» болмақ. Сондай-ақ келер жыл Шымкент қаласы үшін айырықша маңызға ие. Мегаполис ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болмақ. Келер жылы сонымен қатар шығыстың ұлы ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, ұлы ақынымыз Абайға 175 жыл толғалы отыр. Қала әкімі жастарды осы маңызды шараларға белсене қатысуға шақырды. Шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен келбетіне қатысты жастардың ойын тыңдап, сауалдарға жауап берген қала басшысы Шымкенттің туристік әлеуетін жақсарту жайын да сөз етті. Ерлан Айтаханов жастарды игілікті істерге талаптануға, кітап оқуға, туған өлкенің тарихын терең білуге шақырды.

https://www.zhasalash.kz/article/5796-akim-aytakhanov-dgastarmen-kezdesti?fbclid=IwAR2MDXr-wlW_kxMoaW3JxyZECts1wm_9FYk5NCmYxm2DLEXHiUdK-3RtSR8