ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОҚМПУ- ге келді

27.10.19

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне арнайы келді. Министр оқу ордасындағы археологиялық жасақтың қазба жұмыстары кезінде тапқан жәдігерлерінен жасақталған "Өркениет көшіндегі Ұлы Дала" көрмесін тамашалады. Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектері қойылған "Назарбаев орталығы" мен "100 жаңа оқулық" коворкинг орталығының жұмысымен танысты. Айта кету керек, "Назарбаев орталығындағы" танымдық материалдар ғылыми-педагогикалық құрамның барлық деңгейіндегі мұғалімдер мен студенттер ге арналған. 
Министр ОҚМПУ-дегі ІТ орталығының да жұмысын көрді. Қазір мұнда “IT-SYNYP” деген атаумен 6 топ бойынша оқушылар тегін білім алады. Балалар робототехника негіздері мен ІТ мамандығының алғышарттарын үйренуде. Сыныптар "Нұр Отан" партиясының "ІТ мамандарды даярлау" бағдарламасы аясында ашылған. Асхат Аймағамбетов орталықта оқып жатқан балалармен және олардың ата-аналарымен пікірлесті. Ата-аналар балалардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, олардың талаптарын ұштап келе жатқан университет ұжымына алғыс білдірді. 
Министр Асхат Аймағамбетов мұнан соң жоғары оқу орнының ұжымымен де кездесті. Басқосуда жуырда ғана тағайындалған университет ректоры Анар Қайырбекованың жұмысына сәттілік тіледі. Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесін жақсарту, жетілдіру бағытындағы басты міндеттерге тоқталды. Министр педагог мәртебесі туралы болашақ заңның ұстаздарды барлық жағынына қолдайтын және қорғайтын басты құжат болатынын айтты. Кездесуде министр ұстаздардың сауалдарына тиянақты жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.