Инновациялық білім беру жағдайындағы педагог креативтілігі

26.10.19

 Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде профессор-оқытушы құрамының  дәстүрлі «Инновациялық білім беру жағдайындағы педагог креативтілігі» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз жұмысын нәтижелі аяқтады. Конференцияға  Қазақстан республикасының жоғары,орта оқу орындары, алыс-жақын шетелдерден атап айтқанда Ресей Федерациясы, Қарақалпақ республикасы, Түркия және Өзбекстан республикаларынан  150 ден аса мақала  келіп түсті. Конференцияның пленарлық мәжілісінде  А.Навои атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің PhD, Sherzod Ziyoyev, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Тұрcын Хазіретәлі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Исабек Баршагүл Қашқынқызы, – «Рухани жаңғыру» орталығының  басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Анарбаев Қайрат Сапарханұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Математика» кафедрасының доценті, Әмірбекұлы Алданазар , «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедарсының аға оқытушысы, PhD, Мынбаева Ақбілек Пазылхановналар  баяндамалар жасады.  Конференцияда   білім беру жүйесіндегі жаңашылдық, оның саяси, мәдени кеңістіктегі орны, ұлттық және жалпыазаматтық құндылықтар төңірегінде ғылыми ой-пікірлер   “Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің жаңашылдығы”, “Білім беру мен қолданбалы зерттеулердегі жаңа ақпараттық – математикалық және жаратылыстану ғылыми технологиялары”, “Педагогикалық  креативтілікті қалыптастырудың  аспектілері, Филология және тілдірдерді оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері”,” Өнер, мәдениет және спорт” атты секциялық мәжілістерде ұтымды ойлар  ортаға салынды.

  Қазіргі  заманғы білім берудің стратегиялық мақсаты –  өз жауапкершілігін сезіне алатын, өздігінен әрекет етуге және әрекетінің шешімін таба білуге қабілетті, барлық істе сауатты тұлғаны оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз ету. Өсіп келе жатқан жас тұлғаны жан жақты дамыту, инновациялық білім беру, өзгеріс енгізу, тың педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу – жаңа форматты мұғалімге қойылар басты  талап.

Бұрынғы білім алушы тек тыңдаушы, орындаушы ғана болса, ал қазіргі студент өздігінен білім іздейтін жеке тұлға. Қазіргі ізденімпаз жас дүниетаным қабілеті жоғары, дарынды, өнерпаз, ізденімпаз, талапты, өз алдына мақсат қоя білетін мобильді, талантты ұрпақ.

Бүгінгі заман талабы әлемдік аренадағы бәсекеге қәбілетті ұрпақтар қатарында болу, сол мақсатта аянбай еңбек ету.  Дүниенің кілті – білімдінің қолында. Ал білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу – кез келген мемлекеттің болашаққа нық басқан қадамы. Сондықтан мемлекеттің негізгі капиталы – халық десек, оның әрбір мүшесінің сауатты әрі кәсіби маман атануы аса маңызды. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті осы мақсатта қызмет етуде.