Құрметті ұстаздар, әріптестер, студенттер!

Құрметті ұстаздар, әріптестер, студенттер!

Сіздерді кәсіби мерекеміз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын!

Ұстаз – ұлағатты есім. Адам баласын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, адами қасиеттерді шәкірт бойына дарытуда, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі орасан.

Ұстаз – қасиетті тұлға. Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының “Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген сөзі қашанда маңызды.

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – ол – Мұғалім.

Дара да дана Абай ақынның «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген бір ауыз сөзі ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін айқындап тұр.

Бұл қасиетті қарашаңырақ, ұстаздар ұстаханасы атанған еңселі білім ордасының 82 жылдық тарихы бар екенін өздеріңіз жақсы білесіздер! Қайта қалпына келтірілген соңғы сегіз жылы университеттің өркендеу дәуірі болды деп айта аламыз.

          Біз – дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра, ұстаздар көшін жалғастырушы жаңарған ұрпақ өкіліміз. Бұл университет барлығымыз үшін ыстық және қымбат та  қастерлі. Ұстаздар аманатына  адалдық, кәсібімізге мейлінше іскерлікпен қарауды мұрат етіп келеміз!

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмерге икемді жаңашыл білім беретін ұстаздардың еңбегі жана берсін!

Мереке құтты болсын!

 

Сіздерге деген зор құрметпен,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық университетінің ректор м.а.   БАРШАГҮЛ  ИСАБЕК