«ОҚМПИ аруы-2017» - 80 жылдық мерейтойға жаршы

18.02.19
«ОҚМПИ аруы-2017» - 80 жылдық мерейтойға жаршы Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтының ұжымы оқу орнының сұлу да сымбатты қыздары арасында байқау ұйымдастырды. Бұрымдылар сыны қасиетті қара шаңырақтың 80 жылдық мерейтойына орайластырылған. Байқауда бақ сынамаққа 100-ге тарта бойжеткен өтініш білдірді. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер ғана ақтық сынға жолдама алды. Сонымен, білім ордасының ең сұлуы, һәм ақылды аруы кім? Педагог кадрларды даярлайтын бірегей білім ордасы 80 жылдық мерейтойға 26 іс-шара өткізуді көздеген. Бүгінгі бұрымдылар байқауы - соның алғашқысы. Ақтық сынға әр факультеттен бас-аяғы 11 ару қатысты. ДИНА ЖҰМАДІЛДӘ – СТУДЕНТ Байқау шарттары бірнеше кезеңдерді қамтиды. Алдымен, біз кастинг өткіздік. Содан іріктелген арулар ғана бүгін өз өнерін көрсетпек... Назым Мейірбекова – болашақ физик, математик. Өз факультетінің намысын орға жықпас үшін бұрымды байқауда барын салмақ. Назымның назды қылығы көрермен жүрегін жаулап алуға бар. Бұрымдының бойынан ұлтқа тән тәлім-тәрбиенің лебі еседі. НАЗЫМ МЕЙІРБЕКОВА – БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ Байқауға бірінші мәрте қатысып отырмын. Жалпы қазақтың ару қызы деген атаққа қазақы мінез бен болмысы бар арулар тән деп ойлаймын. Барлық аруларға сәттілік тілеймін... Дене сымбаты. Сахнада өзін ұстау әдебі мен көркі. Байқаудың басты талаптарының бірі осы. Арулар алғашқы кезеңде өздерін таныстырды. Еркін тақырыпта көсіліп, өнерлерін ортаға салды. Ал, қырағы қазылар алқасы әр қатысушының қимылын қалт жібермей, әділ бағаларын беруге тырысты. ЕРКІН НҰРЖАНОВ – ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ Қазір енді арулардың мүмкіндіктері мен дайындықтарын сарапқа салып көреміз. Жалпы ару деген атаққа біздің қазақтың қыздары өздерінің ата-дәстүр, салт-санаға беріктігімен көзге түсуі тиіс. Осыған басты назар аударатын боламыз. Сонымен, жүзден жүйрік кім? Қазылар алқасына кіл мықтыда, кім мықтыны анықтау қиынға соқты. Байқаудың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, қазақы қалып, әдемі қылығымен көзге түскен Гүлнұр Қабылбек бас жүлдеге лайық деп танылды. Филология факультетінің бірінші курсында оқитын аруға «Шымкент аруы» байқауына жолдама берілді. Барлық қатысушыларға сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді. ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы