Университетте "Рухани жаңғыру" алаңы ашылды

06.09.18

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Рухани жаңғыру» алаңы ашылды. Студенттер үйінің іргесінде орналасқан орталық шәкірттерге сарқылмайтын білім мен ортаймайтын қазақы құндылықты дәріптейді.

        - Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы - болашақтың нақты бағытын көрсететін маңызды құжат. Осы бағдарды негізге ала отырып, университет ұжымы «Рухани жаңғыру» алаңын ашуды ұйғарды. Бұл орталық білімді жастарға сара, дара  жол сілтейді. Ұлт болашағы үшін қызмет етуге үндейді, - деді алаңның ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет проректоры Баршагүл Исабек.

        Ашық аспан астындағы алаңда енді қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған мәдени көпшілік  шаралар өткізіледі. Сондай-ақ бағдарламаға қатысты ұсыныстар талқыланып, жаңа идеяларды жүзеге асыру жоспары түзілмек.

Алаңның ашылу салтанатына қатысқан жазушы, "Алаш" халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт өз сөзін "Тіршілікте сарқылмайтын суат, тартылмайтын бұлақ жоқ.  Ортаймайтын дүние тек ұлттың  рухани құндылығы" деген тәлімді оймен түйіндеді.       Жаңа нысан ашылғаннан кейін көпшілік алаңды түгел аралап көрді. Онда тәуелсіз еліміздің, Түркістан өңірінің жетістіктерін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін экспозициялық дүниелерді тамашалады.